Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, облыс бойынша төрт түлік малды қыста азықпен толықтай қамтамасыз ету үшін 76 500 тонна шөп және 37 500 тонна жем қажет. Осыған байланысты өзге өңірден кем дегенде 30 000 тонна шөпті әкелу қажеттілігі туындап отыр.
Былтыр да өңірде жауын шашынның аз мөлшерде түсуі, құрғақшылыққа әкелген болатын. Сондықтан Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдіктерімен байланыстар жасалып, жем-шөп тасу үшін келісім сөздер жүргізіліп жатыр.
«Аймағымызға Қостанай облысынан 3600 тонна шөпті шамамен орамы 250-350 кг, бағасы 3 500 – 6 000 тг аралығында әкеліну қажет. Ақтөбе облысынан жобамен аудан әкімдіктерінің сұранысына сәйкес 2 200 тонна шөпті әкелуге 117,12 млн теңге қаражат көзіне қажеттілік туындайды. Сондай-ақ, есеп барысында Ақтөбе облысынан шөп орамы – 16 000 тг, тук – 1 066 тг, 1 кг – 53 тг келетін болады», - деді Серік Қалдығұл.
Сонымен қатар, Серік Қалдығұл егер жергілікті шаруа қожалықтары маусымдық мал жайылымдарын Ақтөбе облысына көшіргісі келсе, оған мүмкіндік бар екенін айтты.
«Аталған аймақтар арасынан ауданымызға ең жақыны Ақтөбе облысы болғандықтан, Ақтөбелік шөп шабу бригадаларын Маңғыстау облысына шөп орамдарын тасымалдауға тарту шаралары да қарастырылып жатыр. Бұл екі аймақ арасындағы меморандум негізінде іске асырылмақшы», - деді ол.