“Құрметті ұстаздар, қадірлі оқушылар!
Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты биылғы оқу жылының басым бөлігі қашықтықтан оқытылды.
Әрине, сапалы білім алу үшін күнделікті сабаққа барып, мұғалімдермен және сыныптастармен бірлесіп оқудың, араласудың орны бөлек. Дегенмен де ақпараттық технологияларды қолдана отырып қашықтықтан оқыту, оқушылар мен ұстаздардың білімі мен білігін жаңаша дамытуға, әдеті мен дағдысына тиімді қарауға мүмкіндік берді.
Қашықтықтан оқытуға қарамастан биыл оқушылардың жетістіктері де аз емес.
Түлектердің 227-сы «Алтын белгіге», 359-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. Соңғы үш жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлері шамамен 30%-ға, үздік аттестатпен бітіргендер 40%-ға артты.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Маңғыстау облысының дарынды оқушылары 29 медальға ие болды.
Олимпиада нәтижесі бойынша Маңғыстау облысы командалық ІІІ орынды, Ақтау қаласының «Білім-инновация» лицейі ІІ орынды, Мұнайлы ауданы №3 жалпы білім беретін мектебі «Үздік олимпиадалық ауыл мектебі» болып танылды.
Құрметті оқушылар, бұл қадамдар - Сіздердің өмірдегі мың есе үлкен жетістіктеріңіздің бастамасы ғана. Біз Сіздерден үлкен үміт күтеміз!
Мұндай жетістіктердің артында қадірлі ұстаздарымыздың шәкірттеріне деген ыстық ықыласы, талмас еңбегі мен толассыз шығармашылығы тұр.
Елімізде әрбір педагог ерекше мәртебеге ие. Мемлекет тарапынан әрбір педагогтың үздіксіз дамуына барлық жағдай жасалуда. Осыған байланысты биыл алғаш рет «Маңғыстау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағайындалды.
Педагогтардың шеберлігі нәтижесінде Ақтау қаласы №14 мектебінің химия пәні мұғалімі Түлембетова Айсұлу Бағытқызы елімізде алғаш рет тағайындалған «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын, облыстың бес мұғалімі республикалық «Үздік педагог» атағын иеленді.
Осы орайда, өнегесі зор ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін!
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында ең маңызды міндеттердің бірі - қолжетімді әрі сапалы білім беру қажеттігі айтылған.
Осыған орай елімізде білім саласының жаңа деңгейге көтерілуіне барынша жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Оның ішінде облыс көлемінде үш ауысымды мектептерді болдырмау үшін жаңа мектептер салу, ауыл мектептерін жаңғырту, әр мектепке пәндік кабинеттер алу, интернет жылдамдығын күшейту, ауыл мектептері мен қала мектептерінің білім сапасын теңестіру, дарынды оқушыларды қолдау бағытында қажетті қаржы бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылды.
Енді алда білім сынағы - ұлттық бірыңғай тестілеу мен мемлекеттік емтихан тұр.
Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа ережесінде түлектерге ерекше жағдайлар жасалды. Биыл бітіретін 7011 түлектің барлығы дерлік ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жатыр.
Мектеп түлектеріне сынақтан сүрінбей өтіп, мемлекеттік грант алып, қалаған мамандықтарының иесі атануларына тілектеспін!
Құрметті түлектер! Туған өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосар білімді, білікті, озат, шын мәніндегі нағыз алтын түлек болуларыңызға тілекшімін.
Тәуелсіз Қазақстанның туын биік ұстар азамат болыңыздар!”.
Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов