Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы көптеген қымбат тұратын емдеу шараларының қолжетімді болғаны рас. Алайда, МӘМС жүйесінен шығып қалатын адамдар да бар. Оларды тегін медициналық қызметпен қамту үшін жүйеге қалай қайтаруға болады? Осы және басқа да маңызды мәселелер жайын «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Коммерциялық емес АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектубаев түсіндірді.
Руслан Фаризунұлының айтуынша, 2021 жылдың басынан бері МӘМС жүйесіне жарна төлемеген қазақстандықтардың саны 1,4 миллион 900 мыңға дейін азайды. Бұл ретте ҚР сақтандырылған халықтың саны 1 миллионға артып, тағы 2,9 миллион адам сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.
- Қор халықты медициналық сақтандырумен қамтуды арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда, - деді ол. - Бүгінгі таңда Қазақстан халқының 84,4% медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары. Шектеу шараларының енгізілуіне және бизнес пен халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуіне қарамастан, жүйеге қатысушылар саны өткен жылғы 1 қаңтардан бастап 1 миллион адамға артып, 15,9 миллион адамға жетті. Бұл ретте МӘМС жарналарды ешқашан төлемеген азаматтардың саны айтарлықтай азайды. Егер 2021 жылдың басында 1,4 миллионнан астам адам болса, 1-тоқсан қорытындысы бойынша–922 мың адам, яғни, 35% астам төмендеді. 2,9 миллионнан астам қазақстандықтың МӘМС жүйесінен тыс қалуы олардың МӘМС пакетінде медициналық қызметтерге қол жеткізуге белгілі бір тәуекелдер тудырады. Сақтандырылмағандардың көпшілігі Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Шымкент қаласында тіркелген. Маңғыстау облысында сақтандырылмаған адамдардың саны шамамен 96 мың адам немесе облыс халқының жалпы санының 13,5%. Бірақ бұл сақтандырылмаған азаматтар үшін медициналық қызметтің барлығы ақылы болады деген сөз емес. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтерді, оның ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету, жедел жәрдем бригадасының келуі, учаскелік дәрігердің қабылдауы және сол секілді қызмет түрлерін ала алады. Талдау нәтижесінде сақтандырылмаған халықтың көп бөлігін тұрақсыз төлейтіндер құрайтынын белгілі болды Яғни, бұл аударымдар жүйелі түрде емес, мысалы, бір жолғы – 42 500 теңге төлем алу үшін немесе маусымдық кезеңдермен – белгілі бір уақытта медициналық көмек алу үшін аударылған. 42 500 теңге төлеу кезеңінде, яғни, 2020 жылғы сәуір-мамырда жеке адамдардан БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлемдерінің ең көп төлегені байқалды, Былтырғы 1 сәуірде сақтандырылған халықтың саны 17,4 миллион (93,1%) адам болса, биылғы осы уақытта бұл көрсеткіш 15,96 миллион адам немесе 84,3% болды. Сол кезде БЖТ төлеушілер саны 1,99 миллионға жетіп еді. БЖТ басым бөлігі Түркістан (333,6 мың адам), Алматы (338 мың адам), Жамбыл (164,5 мың адам), Шығыс Қазақстан (124 мың адам) облыстарында, Алматы (153 мың адам), Нұр-Сұлтан (104 мың), Шымкент (137 мың) қалаларында төленді. Осы төлемдердің жүйелілігі сақталған жағдайда МӘМС жүйесімен әлеуетті қамту ел халқының 92% жетуі мүмкін.
Алайда, БЖТ төлеушілер төлемді одан әрі жалғастырмаған. Сондықтан 2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша БЖТ тұрақты төлеушілердің саны шамамен 200 мың адамға жеткен, ал шамамен 1,4 ммллион БЖТ төлеуші сақтандырылмаған болып шықты, олар кем дегенде бір рет төлем жасаған. Филиал директоры БЖТ төлеушілер сақтандырылған мәртебесін 3 ай қатарынан төлегеннен кейін алатынын қаперге берді.
-БЖТ төлемі ерікті болып табылады,-дейді Руслан Фаризунұлы.-Салық кодексіне сәйкес, тауарларды сатудан немесе қызметтерді көрсетуден мезгіл бойынша кіріс алатын, бірақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын азаматтар оны төлеуге құқылы. Дербес төлеушілер–еш жерде жұмыс істемейтін, әлеуметтік осал санатқа жатпайтын, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе ЖК болып табылмайтын азаматтар медициналық сақтандыру үшін 2 125 теңге (1 ЕТЖ-дан 5%) мөлшерінде жарналарды өз бетінше төлеуі қажет. «МӘМС туралы» ҚР Заңы бойынша, сақтандырылған статусын алу үшін алдыңғы 12 ай үшін жарналарды төлеу қажет. 1 сәуірге сақтандырылған дербес төлеушілер саны 155,6 мың адам болып отыр.
Пандемия кезеңінде міндетті төлемдерді, оның ішінде МӘМС төлеуден босатылған ШОБ (шағын және орта бизнес) қызметкерлерінің тізімін өзектендіру бұрынғысынша проблема болып қалып отыр. Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің 20% жуығы (61 мыңнан астам ШОБ) өз қызметкерлерінің тізімдерін өзектендірмеген (Маңғыстау облысы бойынша 490 ШОБ субъектісі немесе 9%). Осыған байланысты олардың сақтандырылған мәртебесі жоқ және медициналық көмек алуда шектеу қойылған. Жұмыс берушілердің өз қызметкерлері үшін жауапкершілігі туралы ескертеміз және олардың деректерін https://msb.fms.kz сайтқа енгізуге шақырамыз. Қор медициналық ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен, мемлекеттік кіріс органдарымен, «Атамекен» ҰКП бірлесіп, осы нормаларды түсіндіру және сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту/қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Халықтың әрбір санатымен жеке жұмыс, оның ішінде оларға жеңілдік мәртебесін беру бойынша да жүргізіледі. Кейде БЖТ төлеушілер арасында жеңілдік санаттарының өкілдері де кездеседі. Бірақ бір рет БЖТ төлегеннен кейін олар жеңілдік мәртебесін жоғалтады. Олармен жүйеге оралу бойынша жұмыс жеке жүргізіледі. Сондай-ақ, Қор азаматтарға медициналық қызметтерді уақытша тұтынушы мәртебесін беру бойынша жұмыс жүргізді. 2020 жылғы 15 шілде-2021 жылғы 6 маусым аралығында МӘМС жарналарын төлеуден босатылған 23 мыңға жуық азаматқа уақытша мәртебе берілді. Уақытша мәртебе оларға растайтын құжаттарды ұсынуға және жеңілдік санатына оралуға мүмкіндік береді. Содан кейін олар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейтін болады. БЖТ төлеушілермен жұмыс барлық мүдделі құрылымдармен, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің, БЖЗҚ, ӘМСҚ аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп жүргізілуі тиіс. Бұл ретте жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты есепке алу Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне жатады. Ал өңірлерде бұл бағытқа облыс әкімдерінің жауапты орынбасарлары мен жұмыспен қамту орталықтары жетекшілік етеді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамның статусы туралы сұрақтар туындаған кезде, жарналар мен аударымдарды төлеу кезінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бірыңғай байланыс орталығы 1406, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Қордың fms.kz сайты ресми байланыс арналары арқылы хабарласуыңызды сұраймыз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА