Бүгін «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа кеңес төрағасы Карабалина Гүлбаршын Аманқосқызы төрағалық етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша жол картасының «Тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету» және «Тең мүмкіндіктер жасау» бағыттары аясында 1 тоқсанда атқарылған жұмыстар қаралды.
«Кадрларды даярлау мәселесі бойынша қыркүйек айынан бастап 1 131 адам кәсіптік және техникалық білім алды. Қазір 403 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамту жоспарланып отыр. Негізінен қызмет көрсету, туризм саласында оқыту көзделіп отыр. Өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу және жұмыс орындарын сақтау үшін меморандум жасақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 159 142 қызметкері бар 3 079 кәсіпорынмен меморандум жасалды. Сонымен қатар 16 877 қызметкері бар 10 кәсіпорынмен меморандум жүріп жатыр. Қазіргі таңда облыста 11 242 жұмыс орны құрылды, оның 6 818-і - тұрақты жұмыс орны. Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар есебінен 5 040 жұмыс орны құрылды», - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дүйсенов Шыңғыс Бақытжанұлы.
Ал «Тең мүмкіндіктер жасау» бағыты бойынша мониторингтік топ ай сайын өз аймақтарындағы «inva.gov» интерактивті картасына енгізілген обьектілерге мониторинг жүргізеді. Биыл жоспар бойынша бейімделетін 258 обьект ішінен 60 нысанға пандус орнатылады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шыңғыс Бақытжанұлының айтуынша, мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін дербес сатып алу мүмкіндігін беретін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Аталған портал арқылы мүгедектігі бар адамдар протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық, міндетті гигиеналық, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен және санаторий-курорттық емделу, жеке көмекшінің қызметтері қамтамасыз етіледі.
Кеңес отырысының соңында «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесінің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, кеңес мүшелері тарапынан ұсыныстар берілді.