Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов пен Түрікменстандағы Балқан уәлаятының хәкімі Т. Атахаллыев онлайн кездесу өткізді. Қос өңірдің басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды одан әрі нығайту жолдарын талқылады. Кездесу барысында екі өңір басшысы 2021-2025 жылдарға жоспарланған ынтымақтастық жөніндегі ресми құжаттарға қол қойды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Алдымен Балқан уәлаятының хакімі Т. Атахаллыев өңір экономикасындағы жетістіктері мен атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, Балқандағы өндірістің негізі – мұнай-газ, химия өнеркәсібі. Осы ретте Түркменбашы мұнай өңдеу кешені, қайта құру және заманауи әлемдік инновациялық технологияларға негізделген жаңа қуаттарды енгізу нәтижесінде өндіріс көлемі артып, жаңа өнім шығара бастағанын айтты. Сонымен қатар халықаралық Түркменбашы теңіз портының жұмыс істеп тұрғанын, сол арқылы 300 жолаушы мен 75 мың жүк машинасына қызмет көрсететінін атап өтті.
«Уелаятта өндірістік қуаты 1 155 000 тонна карбамид және 660 000 тонна аммиак шығаратын «Гарабогазкарбамид» зауыты, сондай-ақ өндірістік қуаты 386 000 тонна полиэтилен және 81 000 тонна жоғары тығыздықтағы полипропилен шығаратын Гиянлинский полимер зауыты салынды. Түркменбашы этрапының аумағында жаңа цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі бізге үлкен мүмкіндіктер ашады», - деді Балқан уәлаятының хакімі Т. Атахаллыев өз сөзінде.
Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов алдымен кездесуді өткізуге ұсыныс жасаған Балқан уәлаятының хакіміне алғысын білдіріп, Түрікменстан Республикасының астанасы Ашхабадтың 140 жылдық мерейтойымен құттықтады. Әрі қарай екі өңірдің экономикасы мен өндірісінің ұқсайтынын атап, облыста қол жеткізген өндірістік нәтижелермен бөлісті.
«2018 жылдан бастап өңірлер арасындағы тауар айналымы артып келеді. 2021 жылғы қаңтар-наурыз аралығында Маңғыстау облысының Түрікменстанмен сыртқы сауда айналымы 7,4 млн.АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,8%-ға артық. Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында, түрікмен капиталының қатысуымен 16 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді», - деді облыс басшысы Серікбай Трұмов.
Сонымен қатар аймақ басшысы өз сөзінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.
«Түркіменстан Қазақстан үшін Оңтүстік Азия, Парсы шығанағы мен Еуропаға жол ашатын - «көпір». Бұл ретте Қазақстанның транзиттік жағдайы - Қытайға, Ресейге және басқа посткеңестік елдерге түркімен экспорттық бағыттары үшін байланыстырушы буын. Көршілес жатқан екі өңір арасында тиімді байланыстың беки түсеріне сенімім мол және Түрікмен кәсіпкерлерін бірлескен жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырамын», - деді С.Трұмов.
Ал Т. Атахаллыев осы кездесу екі өңір арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратынына сенімі мол. Ол жиын барысында Маңғыстау облысымен өнеркәсіп және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа технологиялардың көмегімен балық шаруашылығын құрып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
«Түрікменстандағы Қазақстан елшілігі арқылы жолдаған Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаяты арасындағы шекаралас әріптестікті жандандыру, «Түрікменбасшы - Ақтау – Түрікменбасшы» әуе бағытын ашу сынды басқа да ұсыныстарыңызды зор құрметпен қабылдаймыз. Алдағы уақытта аталған жобаларды орындау жолдарын жан-жақты қарастырамыз», - деді Т. Атахаллыев.
Кездесу соңында облыс әкімі С.Трұмов пен Балқан уәлаятының хакімі Т. Атахаллыев 2021-2025 жылдарға жоспарланған ынтымақтастық жөніндегі ресми құжаттарға қол қойды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ