Қадірлі ағайын!
Ата-баба топырағы күңірене тебіреніп, табиғат-ана да еміреніп, жан-жағын шуағына малынта, сағынта жеткен қасиетті Амал мерекесі баршамызға құтты болсын!
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткендігіне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, ел бұл күні қол алыса жамырай көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады.
Тегінде, Амал – елдік, халықтық мейрам. Себебі бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Ата тарихты ұрпаққа жеткізу жолын оны ел үшін де, елге келер қонақ үшін де айшықтап көрсетер үлгінің бірегейі - өлкеміздің ерекше мерекесі осы Амал.
Күні бүгінде Амал мерекесін бүкілқазақстандық деңгейде тойлау тамырын тереңге жайып келе жатқан оң үрдіс.
Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын атап өтудің бір айлық жоспарын жасақтауды тапсырды. Тұжырымдамаға сәйкес, наурыз айының әр күніне атау қойылып, 14 наурыз ел көлемінде Амал мерекесі аталып өтіледі.
Құрметті жерлестер!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған Амал мейрамы дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Еліміз үшін Амал мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Амалды қарсы алайық! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.
Амалдан амалға аман есен жете берейік!
Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов