Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «...еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ойсанаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдама сын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деген сөзі ұлттық мейрам Наурызды 10 күн тойлау тұжырымдамасын жасауға негіз болды.
Ел арасында соңғы жылдары Наурызды мерекелеу туралы түрлі пікірталас туғызып, әр түрлі жобалар баспасөз бетінде жарық көріп жүрген болатын. Көптің көкейінде пісіп-жетілген тілек қабыл болып, енді осы жобалардың негізінде: 14 наурыз – «көрісу күні», 15 наурыз – «жайлау күні», 16 наурыз – «шежіре күні», 17 наурыз – «тарихқа тағзым күні», 18 наурыз – «Игі істер күні», 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні», 20 наурыз – «Зияткерлік күні», 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні», 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні», 23 наурыз – «Жоралғы күні» аталып, ұлттық мерекемізді наурыздың 14–23 аралығында қатарынан 10 күн тойлайтын болдық. (Шығыста наурызды 1 ай тойлайтын Иран, Әзірбайжан т.б. елдер де бар).
Жер бетінде тойланып келе жатқан ең ежелгі мейрам – наурыздың тарихы 5 мың жылдықтан әріге кетеді. Нұх пайғамбар заманынан келе жатқан көктем мерекесінің атауы әр елде әр түрлі болғанмен түбі – біреу. Ол жаңа маусымның басы – жаңа жылдың басталуын белгілейтін күн. Қазақша айтсақ, Ұлыстың ұлы күні!
Сайын далада еркін өмір сүрген қазақтың тілінде де, дәстүрінде де өзгешелік болмаған. Кеңес өкіметі орныққанша көрісу – Амалды тойлау қазақ жерінің түкпір-түкпірінде сақталған салт. Оны Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Шәңгерей, Ғұмар Қараш т.б. жазбалары растайды. Абайдың: «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Қуанысып, көрісіп, құшақтасып», – деген сөзінен көрісу дәстүрінің көшпелі қазаққа ортақ дәстүрлі мереке болғанын аңғару қиын емес.
Амал немесе 14 наурыз – «Көрісу күні» Маңғыстау жұртшылығында ежелден қалыптасқан игі дәстүрдің бірі. Маңғыстаулықтардың Амалды Отпан таудың басында қарсы алу мерекесіне Қазақстан түгіл, шетелдерден қонақтар келіп қатысып жүр.
Бұл күннің басты ерекшелігі – ел-жұрттың таңмен таласа тұрып, көрші-көлемдегі жасы үлкендердің үйіне арнайы барып көрісуінен басталады. Бұл күні жұрт бір-біріне: «Амал құтты болсын! Жыл құтты болсын!» десіп, жақсы тілек айтысып, қос қолын ұсынып амандасады. Абысын-ажынды, апалы-сіңлілі әйелдер құшағын жая оң және сол иығын түйістіріп құшақтасып көріседі. Осы күні өткен жылдың ішінде адамы өлген үйге, ұзатылған қызға көрісіп бару да – ел ішінде үрдіс алған жоралғылардың бірі. Бұның бәрі де – елдің ата-салтын жаңғырту ниетінен пайда болған бұрыннан келе жатқан дәстүріміз.
Көрісудің де реті бар. Жасы үлкен ата, әке, ағасына қыздары көріскенімен, өзі түскен жердің жасы үлкен ер-азаматтарына (қайыната, қайынаға, жезде) келін көріспейді. Қайнысының жөні бөлек, көрісуге болады. Амал күні «көрісу» салты Маңғыстау топырағында ұлықталып, атадан балаға жалғасып, жалпы қауым, жақын-жуық, тума-туыстар арасындағы байланысты босаңсытпауға септігі зор деп ойлаймын. «Самарқанның көк тасы ериді» деген түсінік қалыптасқан атаулы күннің біз білмейтін басқа астротүсініктерден бөлек «мейірімділік» шарапатын тигізетін қасиеті бар екенін байқауға болады.
Жаңарған күнмен, түлеген табиғатпен бірге ой-сананы да жаңартып, өткен ұрыс-керісті ұмытуға тырысып, кешірімге ұмтылуы да данышпандықтың белгісі. Ақсақалдардың ақ батасын алу – жаңа күнмен басталған жаңа жылға деген оң зарядты толықтыру. Мереке болғасын көңілді ойын-сауықпен көтеріп, ду-думанға ұластыра қызықтау – адам баласына тән қылық. Сол күні бір-біріне қолын ұсынып көріспеген аса кекшіл, өкпешіл кісілерді ел-жұрт: «Самарқанның көк тасы жібігенде жібімейтін бұл не қылған ашу-араздық, бітіспейтін кек?» деп күстаналап жатады. Бұнысы: «Ескі ашу-араздық ескі жылмен бірге кетсін, жыл жаңарды, Амал күнінің қасиеті көк тасты жібітіп, қаттыны жұмсартып жатыр. (Ел аузында бұл күні Самарқанның көк тасы кездікті сұғып, суырып алғандай уақытқа еріп, балқиды деген сөз бар). Сондай күні ақыл-парасаты бар адамдар бір-біріне деген өкпе, ренішінен неге арылмасқа?» деген уәж болса керек. Бұл күні ағайын-жегжат, көрші-көлемнің арасындағы жыл бойғы жібімеген араздық, көптен бергі тарқамаған өкпе, өзара келіспеушілікке кешірім жасалып, қол алысып татуласу – дәстүрімізден берік орын алған бітімгершіліктің биік үлгісі. Сондықтан бұндай ымы рашылдық, ынтымақ күнін көпшілік қуана күтіп, алдын ала сәлем-сауқатын, көйлек-жаулығын әзірлеп күті ніп отырады.
Амал күні ала таңнан басталатын көрісу бұрын шаруаның жайы, қоныстың алыс-жақындығына қарай – келер жылғы амалға дейін жалғасатын. Заманмен бірге дәстүр де жаңарып, толығып, толысып отырады. Соның бір мысалы, қазіргі уақытты үнемдеп үйренген жұрт бір күнді белгілеп, мерекені пайдаланып, «ағайындар басқосуын» – көрісу күнін ұйымдастыруды дағдыға айналдырып алды.
Жаңа айдың тууымен қабат немесе өліарада, Амал күнінің киесі іспетті «ақша қардың жаууы» ырыс пен несібенің, құт-берекенің белгісі саналады. Маңғыстау топырағында наурыздың 14-і күні міндетті түрде белгі беретін бұл қар ел арасында «Амалдың ақша қары», «Құс қанаты» аталады. Жазғы маусымның бастауы, жыл құстарының оралуы, табиғаттың жаңаруы – Амалмен ілесе келетін болған соң табиғаттың төл перзенті қазақтар үшін айрықша киелі саналатын ай. Батырлар жырындағы «Ақ бетінің ажары, Наурыздың ақша қарындай» делінетін теңеу, дәл осы «Амалдың ақша қары» болса керек. «Амал» атауы арабтың «Хамал» сөзінен шыққан деуге негіз бар, себебі Хамал – Наурыз айының арабша атауы.
Амал құрметіне жағдайы жеткендер арнайы мал сойып, мерекелейді. Көрісе келген кісілер 7 түрлі дәмнен дайындалған «Наурыз көжеден» ауыз тиеді. Бұл күні ата-аналары балаларына: «Ерте тұрыңдар! Кім ерте тұрса, соның несібесі мол болады. Аспаннан бауырсақ шашылады. Несібеден құр қалмаң, ұйықтап қалсаңдар бауырсақты басқа балалар жеп кетеді» деп, күні бұрын жуынып, тазарып, жақсы киімдерін киіп, жасы үлкен кісінің қолын алуға бағыттап отырған. Бала жадына осы күннің ерекшелігін сіңірудің, «Амал күнін» ұлықтаудың бұл да бір амалы. «Наурыз күні қазан толы болса, ырыс молаяды», жаңа жылда жаңа киім кию, жаңалыққа құлшыну біздің өмірімізде әлі сақталып келе жатқанына әркім куә.
Наурыз көже – мереке дастарханының маңызды мәзірі, бірақ қазақ дастарханының сәні – асқан ет. Бұл күні отаналары сақтаған сүрін қазанға салып, мол дастархан жаюға тырысады. Үлкендер бұрынғы жылдан қалған сүрдің соңын түгел астырып, ауыл үйге сыбаға үлестірген. Бір табақтан тізе түйістіре отырып тамақтану, табақтас болу – татулыққа бастайтын ең қарапайым жоралғының бірі. Есіктен сығалап тұрған балаларды қасына шақырып ет асату, құлақ, тіл, таңдай үлестіру – ата-бабамыздың күні бүгінге дейін жалғасып келген игі дәстүрі. Көшпелі елдің негізгі сусыны сүт екенін, сусыз жерде биенің сүтіне ет асылғанын білеміз. Демек, наурыз көже қазан толы сүтке бидай, жүгері, тары т.б. 7 түрлі дәнді салып, пісірілетін – мерекелік жеңіл ас, жеңсік тағам. 7 түрлі дән салынған қара қазанды толтырып асу – молшылықтың символы. Сонымен бірге жаңа жылда ырзық-несібенің молдығын тілеуден туған ырым.
Қазір бүкіл дүние жүзі тағамтану мамандары денсаулық кепілі ретінде мойындап болған – шұбат, қымыз, қазы-қарта, жал-жаямыз, жент, ірімшік, балқаймақ, бауырсақ, қуырдақ, асқан ет секілді бағалы асымыз – әр ұлттың дастарханының төрінен орын алып, дастархан мәзірі қонаққа тек ұлттық ыдыста тартылуы қажет. Міне, бұның бәрі 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күнінің» дайын жобасы. Өзге ұлт өкілдері біздің тағамдарымызды жеңсік ас санап, ортақ табақтан ас жейтін ұйымшыл мінезімізге қызығады.
Наурыз отбасылық мерекеден ұлттық мейрамға айналуы үшін халықтың көнеден келе жатқан тұрмыс-салт дәстүрімен біте қайнасып, ұлттық таным-сипатымызға сай, таза қазақы ұғым-түсінік, таным-наным, әдет-ғұрып шеңберінде өтуі тиіс. Сонда ғана «қазақстандық мереке дәрежесіне» жетеді.
Қазақ негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі елдің ұрпағы болғандықтан 15 наурыз – «Жайлау күні» біздің басты киеміз – әмбебап киіз үй кеңінен насихатталса абзал. Тұтас ғұмыры табиғат аясында – киіз үй мен ат үстінде өткен бабаларымыздың болмысынан балалар бойына мысқалдай боса да далалық мінез қалыптастыру үшін табалдырықтан бастап шаңыраққа дейінгі киіз үй жабдықтары оған қатысты тыйымдар мен ырымдар өскелең ұрпаққа өнеге.
23 наурыз – «Жоралғы күні» жастарға «Мүшел қайыру» ұғымдары ұрпақ санасына сіңірілсе, төрт түлікке қатысты ырым-тыйымдар, наным-сенімдер, жол-жоралғылар әр түрлі жолмен насихатталса, төменгі сынып балалары арасында наурыз өлең, бата, жаңылтпаштарынан тіл дамыту байқаулары өтсе қандай жарасымды. Елімізде өмір сүріп жатқан түрлі диаспора мүшелері Қазақстанда тұрғандықтан қазақ ұлтының тұрмыс-салтына қатысты танымдық көкжиегі кеңейіп, тілі мен дәстүрін, жол-жоралғысын үйрене берсе құбақұп.
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні» ұлттық қолөнеріміз бен спорттық ойындарымызды насихаттау көкейге қонады. Бар өмірі қимыл-қозғалыстан тұратын көшпелі қазақтың балуан күресі, бәйгесі, көкпары, теңге ілуі, арқан тартысы т.б. – тұнып тұрған салауаттылық салттан туған.
Амал мерекесі – жерімізде ерте заманнан өңін өзгертпей, атадан балаға жалғасып, жадымызда сақталып, жылдан-жылға қазақ арасында қанат жайып қайта жаңғырып, жасарып келе жатқан жақсы дәстүр. «Қазақ тарихында ұрпақ ұялатындай ештеңе де жоқ» деп Елбасымыз атап өткендей, біздің дәстүр-салтымызда да алып тастайтын, ұмытуға тырысатын нәрсе жоқ. Қазақ тұрмыс-салты – ғасырлар сүзгісінен өтіп, сынынан сұрыпталып жеткен асыл-жауһарымыз. Ал мемлекет байлығы – өзегі осы асыл-жауһарымызбен суарылған өскелең ұрпақ, өнегелі ел.
2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді. Ал 2010 жылдың 10 мамыр күнінен бастап Біріккен ұлттар ұйымының бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз – халықаралық Наурыз күні болып аталып келеді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасау туралы ұсынысы – кемеліне келіп, уақыты жеткен ұсыныс.
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күнін» барлық жол-жоралғысымен 14 наурыз – Амалдан бастап 10 күн тойласақ, еліміздің береке-бірлігін нығайтумен бірге ежелгі мейрамды қалпына келтіргеніміз болар еді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ