Айналып тұрған уақытты аяусыз артқа тастап, асығыс өтіп жатқан жылдар-ай... Артымызға бір бұрылып қараймыз да, кеше туған бөбектің өзі шаңырақ көтеріп, бөпелі болып жатқанын көреміз. Көреміз де, өткенімізге көз тігіп, өзімізге есеп береміз...
Жас кезімізде өздерінің мәдениетті жүріс-тұрысымен, әрбір өнегелі ісімен, абыройлы қызметімен үлгі болып келген салиқалы жандардың бірі—Ермек апайымыз да осы наурызда 70 жасқа толып тұр екен.
Ол Красноводск (қазіргі Түркменбашы) қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ермек апаның әкесі Байыз Нұрмағанбетов Маңғыстаудың тумасы, 1920 жылы Сенек-Сұмса бойындағы 20-ауылда өмір есігін ашқан. Бала болғанымен, есін білетін кезінде, жұрт артына қарай-қарай туған жерін амалсыз тастап, тұрымтай тұсына, балапан басына болған жылдары оның отбасы да түрікмен жеріне ауып кеткен. Бұлар Красноводск қаласына келіп, орнығады.
Қазақтар көбейгесін 1932 жылы сол жерде қазақ тілінде 7 жылдық білім беретін №3 мектеп ашылып, Байыз аға осы мектепте оқиды. Мектепті бітірген соң еңбекке араласады. Ал 1941 жылы соғыс басталған кезде жас дәурені сұрапыл жылдармен тұс келген жігіт майданға аттанады. Оқ тиіп, жараларынп жатса да, ұрыс даласында бастан-аяқ соғысқан ол Чехословакия аумағындағы неміс басқыншыларына қарсы шайқаста айқас алаңындағы күшті бомбалауға қарамастан, жаудың бір самолетін атып түсіріп, сол ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының атынан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұдан басқа да көптеген марапаттары бар Байыз аға соғыстан оралған соң бұрынғы жұмыс істеген Красноводск қаласындағы мұнай өңдеу зауытында оператор болып жұмысын жалғастырады.
Жұбайы Иба мен екеуінің тұңғышы Ермек ойындағысын ашық айта алатын, қайсар да ақылды қыз болып бой жетті. Мектеп қабырғасымен қоштасқан соң ол Красноводск химия-технологиялық техникумын бітіріп, еңбек жолын мұнай өңдеу зауыты операторының көмекшісі болып бастады. Өзі оқыған техникумда органикалық химия лаборанты да болды. Кейін Челекен қаласындағы техникалық көміртек зауытында өндірістік-техникалық бөлімнің инженер-технологы лауазымында қызмет етті. Ал Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын бітіргеннен кейін Түрікменстан Компартиясы Красноводск қалалық комитетінің аппаратына шақыртылып, теңіз сауда портының саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, өнеркәсіп-көлік және ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімдерінде нұсқаушы және басқа партиялық қызметтерді атқарды. Халық депутаттары қалалық кеңесінде де маман, бас маман, консультант болып абыройлы жұмыс істеді. Еңбек ете жүріп, Мәскеу қаласындағы Ақпарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында білімін жетілдірді. Оның Түрікменстандағы соңғы қызмет орны табиғатты қорғау министрлігінің Каспий экологиялық инспекциясындағы 1-санатты инженер-инспектор лауазымы болды.
Ермек апаның мамандық таңдауына ата-анасының бірдей мұнай өңдеу зауытында жұмыс істегені себеп болса керек. Анасы Иба Сатқанова соғыс жылдары әр түрлі мамандықты үйрететін қысқа оқыту курстарының бірінде оқып, дәнекерлеуші мамандығын алған. Қажарлы қыз зауыттың мұнай сақтайтын дәу-дәу қазандарын, әр түрлі техникалық жабдықтармен құрастырылған зауыттың қондырғыларын іргетасқа орнатуда, темір торлы сатыларға шығып, бензин шығаруға қажет биік–биік бағандарды, ана шеті мен мына шеті көз ұшында тұратын сыйымдылық аппараттарын шегендеп, дәнекерлеу жұмыстарын атқарды. Бұл зауыттың жұмысшылары күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеп, бензинді шығарып, соғысқа жанар-жағармайды тонналап жөнелтіп тұрғанын көпшілік біле бермейтін шығар. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары осынау ауыр да ауқымды жұмыстарды атқару қыз-келіншектердің еншісіне тиген-ді.
Байыз аға мен Иба апайдың шаңырағы Ермектен соң да ұл-қыздарға толып, немере-жиендерін көрді. Ал Ермек апа 2003 жылы аталары мәңгілік тыным тапқан атажұрты Маңғыстауға отбасымен көшіп келген. Ақтау қаласына орналасқан "АKTAL LTD" ЖШС өндірістік диспетчерлік бөлімінде инженер болып жұмысқа орналасты.
Жергілікті басқару мемлекеттік органдарында жұмыс тәжірибесі мол, іс қағаздарын жүргізу мәселелерін жақсы білетін Ермек Байызқызы Қазақстан Республикасының азаматы атанған соң, 2005 жылы Ақтау қаласы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы болып жұмысқа қабылданды. 2009 жылы апай зейнет демалысына шыққанымен, құжат айналымын жүргізу, қабылдау, бөлу сияқты жұмыстарды, ұйымдастыру техникасын шебер меңгерген тәжірибелі де білікті маманнан айрылғысы жоқ әкімдіктегілер оның жұмыста қалуын қалайды. Әуелі әкімі аппаратының мұрағатшысы болып ауысады да, кейін Ақтау қаласы әкімі аппаратының құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімініңіс жүргізу жөніндегі инспекторы, қаржы-шаруашылық бөлімінің статисі қызметтерін атқарып жүр.
Өзінің жаны сүйген қызмет-міндеттерін әліге дейін қажымастан мінсіз орындап келе жатқан Е.Нұрмағанбетованың жалпы еңбек өтіліне жарты ғасыр толып тұр екен. Осы елу жылда талай қиындықтар мен қызықты жайттар бастан өтіп жатыр. Өзі жеткен биігінен түспеген оның бүгінде алға қойған басты мақсаты—өсіп келе жатқан жас мамандарға мемлекеттік қызметтің қыр-сырын ұғындырып, тәжірибесімен бөлісіп, өз шеберлігінен үйрету. Бұл мақсатына жетіп те жүр.
-Көптеген адамдар мені танып, алғысын айтып жатады,-дейді Ермек апа.-Олардың арасында Түрікменстандағы жерлестерім де бар. Кейбірі тіпті есімде де жоқ. Менің қайда және қандай мәселелерде көмектескенімді естеріне алады. Біреуге алып бере салатын ештеңем жоқ, бар болғаны—олардың түйінді мәселелерін шешуде кеңес берген екенмін. Осының бәрі менің адамдарға көмектескім келіп тұратындығымнан болар.
Иә, қолыңнан келсе, ақыл–кеңес берсең де, кісіге жақсылық жасағаннан артық ғанибет бар ма? Үлкеннен құрметін, кішіден ізетін аямайтын Ермек апа бүгінде ұлдан немере сүйіп отырған бақытты әже. Туыс-бауырлары да Маңғыстауда. Елу жылдан бергі еңбегі де елеусіз қалған кезі жоқ. Бұрынғы жетістіктерін айтпағанда, Ақтау қаласы әкімдігіндегі қызметі де лайықты бағаланды. Маңғыстау облысының әлеуметтік дамуына қосқан жеке үлесі үшін берілген Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Ақтау қаласының әлеуметтік дамуына қосқан адал еңбегі мен жеке үлесі үшін берілген Ақтау қаласы әкімінің Құрмет грамоталары, Ақтау қаласының 50 және 55 жылдығына арналған мерекелік медальдар Ермек Байызқызының жұмыстағы жауапкершілігі мен қабілетін аңғартып, мерейін өсіре түскендей.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА