Өткен сенбі күні кешкісін Өзен темір жол бекетіне Түрікменстан қазақтарын күтіп алушылар жинала бастады. Олардың арасында қала активтері мен ардагерлер де бар. Ақ киімді медицина қызметкерлері мен қоғамдық тәртіп сақшылары да көзге түседі. Бейнекамералары мен фотоаппараттарын арқалап журналистер де жүр. Шағын дастарханға дәм-тұздарын жайып, шұбатын сапырып, шашуын реттеп, «Өнер» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының өнерлі қыз-келіншектері дайын тұр. Олардың арасында ағайын-тума, құда-жегжат, тіпті бала-шағасын тағатсыздана күтіп тұрғандар да бар екен.
– Біздің жүгіміз әлдеқашан келген, – дейді алғашқы сұхбаттасымыз. – Өзім қазір Жаңаөзенде апа-жездемнің үйінде уақытша тұрып жатырмын. Көлік жөндеумен шұғылданамын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, ерінбеген кісіге, еңбек етуге ниеттенген жанға талап та табылады, жұмыс та жеткілікті. Бірақ қолыңдағы құжатың түгел болмаса кім көрінгеннен қорқасоқтап, қылмыскер кісідей жалтақтап боласың. Былтыр наурыз айында кешіншегім тіркеуден шығуға Түрікменстанға кеткен. Көп ұзамай пандемия бүкіл жер бетін жайлап кеткен жоқ па? Карантиннің кесірінен мемлекеттік шекаралар жабылып, барлық қатынас тоқтатылды. Ерлі-зайыпты екеуміз шекарасы шегенделген, барыс-келісі шектелген екі елде қалып қойдық.
(Жүзі шаршаңқы, сағыныш табы сарғ айтқан жігіттің аты-жөнін әдейі жазбай отырмыз).
Қыстың шық-шылаулы соңғы айы. Бетіңе бүркіп тұрған қар аралас майда жаңбыр мазаны алып бара жатыр. Дегенмен туыстарын асыға күткен жандар оған қарайтын емес. Кешкі сағат 19.30 шамасында маңдайындағы жалғыз көзі жарқырап, Жаңаөзен тұрғындарынан сүйінші сұрағандай үнімен шұбатылған пойыз жайлап келіп, Өзен бекеті перронының алдына тоқтады. Жұрт жапатармағай №3 вагонға қарай жүгірді. Соған қарағанда Өзен стансасынан түсетіндерді бірыңғай осы вагонға отырғызған секілді. Жолсеріктер есікті ашты. Халық ығы-жығы. Шамамен 90 жылдай уақыт бұрын осы өлкеден қуғын-сүргінге ұшырап, азып-тозып, Түрікменстанға әрең жеткен қазақтардың үшінші буын ұрпақтары вагоннан түсіп келе жатыр. Бұлардың кейбірінің екі дүркін, көпшілігінің үш әкесі түрікмен топырағын жамылып, кішкене төбешікке айналып қалғаны ақиқат. Қайғының қара бұлтын арқалап, еңсесі езіліп, алға басқан аяғы кері кетіп, ұнжырғасы түсіп, тоз-тоз болып қуылған ата-бабалардың бүгінгі ұрпақтары араға ғасырға жуық уақыт салып қуанышпен оралуда. Қазіргі карантиндік шектеулерге қарамастан бір-бірімен айқара айқасқан ыстық құшақтардан сартап болған сағынышты айқын аңғаруға болады.
Түрікменстанның Ташауыз шаһарынан көшіп келе жатқан Қосай ата ұрпағы Бақтияр Бердиевті әңгімеге тарттық.
– У-һ-һ, әйтеуір туған жер топырағына табанымыз тиді-ау, – деп толқып, көңілі босап кетті. Аздап іркілді де сөзін қайта жалғады. – Аға, біз қандай бақытты жанбыз. Қазақстанның да, Түрікменстанның да Мемлекет басшыларына, Үкіметтері мен екі елдің елшіліктеріне де алғысымыз шексіз. Әрине, солардың қамқорлығы болмағанда, бізге Маңғыстауға жету қайда?! Әйел, балашағамызбен көшіп келіп тұрмыз. Көне жұрттағы көрпе-төсек, қазан-табақ, ыдыс-аяқ сияқты бүкіл отбасылық мүлкіміздің іліп аларын ғана алып келдік. Бізді ыстық ықыласпен, дәм-тұзбен құшақ жая қарсы алған Жаңаөзен қаласының басшылығы мен ардагерлеріне және жиналған жұртшылыққа көп рақмет.
– Мен, Күнсұлу Тәжібаева Түрік менстанның Балқан велаяты, Небиттау қаласынан келдім. Сол жақта туып-өстім. Әрине, ата-бабамыздың табанының табы қалып, кіндік қаны тамған киелі мекен – Маңғыстау. Ортаншы ұлыммен, келін-бала, бес немереммен келіп тұрмын. Шынында да, атамекенге жету үшін қиындық көрдік. Қиындық көруіміздің соңы осы болсын деп тілеймін. Ол жақта 20 жыл ауруханада тазалықшы болып жұмыс жасадым. 20 жыл аспаз болдым. Осыдан төрт жыл бұрын Жаңаөзенге келіп бір дәмханада аспаз болып тиіп-қашып жұмыс істегенмін. Алдыңғы жылы бала-шағамды әкелуге Түрікменстанға кеткеннен осы оралып тұрғаным. Үш ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым бақилық болды. Немере-жиендерімнің алды 1977 жылғы, соңы 1985 жылы туған. Құдайға шүкірлік етуден танбаймын. Жасым бірталайға келді. Әйтеуір туған жер топырағына жеттік. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, ендігі мәселелер жұрт қатарлы шешіле жатар. Ол жақта қазақтар баршылық. Үлкен ағамның отбасы да сол жақта қалды. Жалпы биыл көшіп келушілерді 600 адам деп белгілеген. Осы ретте қазір 150–160-тай адам келді. Қалғандары да келетін болар. Бізге «осы пойызға отырасыңдар» деп аяқ астынан айтты. Содан аласқапас дайындалдық. Жүктерімізді алып та үлгере алмадық. Буып-түйіп тума-туысқандарға қалдырып кеттік. Екі мемлекеттің де вагондары жаңа. Красноводскіден алдыңғы күні сағат 5.30-дардың шамасында шықтық. Іркілісі бар, шекаралардағы әр түрлі тексерулері бар дегендей, әйтеуір бір тәуліктен сәл аса жеттік. Сондықтан екі мемлекеттің президенттеріне де рақмет айтамыз. Жақсы қарсы алған жаңаөзендік бауырларға да алғысымыз шексіз. Ендігі өміріміз, аманшылық болса, өздеріңізбен бірге өтеді деп ойлаймын.
Мұнан кейін қоныс аударып келіп жатқандарға қала ардагерлері Андрей Нұртаев пен Майлыбай Өтебаев қонақтарға сәттілік тілеп, ақ баталарын беріп қарсы алды.
Көш келеді ағайын, көш келеді,
Артта қалып туған жер, өскен елі.
Демдерінен, сөйлеген сөздерінен,
Шағадамның еседі бетке лебі.
Құтты болып қонысы жаңа мына,
Келгендердің гүл бітсін қадамына!
Жерлестер арамызға келген кезде,
Толғанғаннан жас келді жанарыма... – деп Жаңаөзен мектеп-лицейінде оқытушы болып, зейнеткерлікке шыққан Күләш Ақшаева бұрынғы жерлестеріне деген ақ тілегін ақ жаңбырдай нөсерлеген жыр шумақтарына сыйдырып, шашу шашты.
Міне, құрметті оқырман сонау ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі өз қандастарын жинаған үш мемлекеттің бірі болып, жер жүзінің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып кеткен баяғы қазақтардың бүгінгі ұрпақтарын Отанға шақыру туралы Жарлық шығарып, әлемдегі қазақтарды Қазақстанға шақыра бастаған-ды. Рас, алғашқы кездері көшіп келгендерді пәтермен қамтамасыз етті. Кейін 2005–2010 жылға дейін квота беріліп, қаржылай көмек көрсетілді. Бірақ бертін келе бұл үрдіс саябырлады. Көшіп келушілердің екпіні де бәсеңдеді. Ал мына көш – Н.Назарбаевтың сол саясатын қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдап-қуаттауының бір көрінісі. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қазақ аз емес. Оларды солтүстік, шығыс аймақтарға қоныстандырып, басқа да тиімді жолдары қарастырылады деген үміт бар.
Қандастарымыздың атакүлдікке табаны тиген кезде толқыған қазақ емеспіз бе? Жүректен мынадай шумақтар да шығып жатты:
Ақ ұлпа себелеген таңғы аспаным,
Арнағандай асыл сөз Алдаспанын.
ралған топырағынан Түрікменстан,
Ассаламуағалейкум, қандастарым!
Аман ба бота-тайлақ ауылдарың?
Төмпешік боп қалған бір қауымдарың?
Бабаңның кіндік қаны тамған жерге,
Қош келдіңіз, бір туған бауырларым!
Тәуекел деп туған жерге жол алдың ба?
Сартап боп сағыныштан жаралдың ба?
«Ештен кешті жақсы» деп бұйырған күн,
Отанның ортасына оралдың ба?
Таныстыра кетерсің тектіңді елге,
Ол жақта біраз азап шектіңдер ме?
анаттарың шешілген құстай болып,
Аман сау, аумай-төкпей жеттіңдер ме?
Қуанышпен қарсы алдым бауырласым,
Денің сау боп еш жерің ауырмасын!
Бұрынғы өздеріңмен бірге болған,
Қаптап тұр тума-туыс, ауылдасың.
Сағынышын көз жастың тиясыңдар,
Өзге елдегі секемді жиясыңдар.
Тағы да келе берің Отаныңа,
Бәрің де құшағыма сиясыңдар.
Келген соң жан-жағыңды барлайсыңдар,
Киелі мекен жерін шарлайсыңдар.
Ендігі қалған терді шын көңілден,
Туған жерге мігірсіз арнайсыңдар.
Қуанып жер жаһанға жар салайық,
Дәміне туыстықтың тамсанайық.
Тәуелсіздік таңының 30 жылын,
Келіңіз, бәріміз бір қарсы алайық!
Демейміз сізді ағайын бос келдіңіз,
Сияқты түгелденген қос белгіміз.
Қазақтың батыстағы босағасы,
Ағайын Жаңаөзенге қош келдіңіз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы