Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің ұйымдастыруымен "Жомарт жүрек" шарасы өтіп жатыр. Қасиетті жүманың құрметіне, "Маңғыстау-Басқұдық-Ақтау" қоғамдық көлігінің екі маршруттық автобусы бүгін тегін қызмет көрсетеді. Таңғы сағат 06.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін қалааралық автобус жолаушыларды ақысыз таситын болады. Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
⁃ Бүгін еліміздің "жасыл" аймақтарындағы мешіттерде көптен күткен жұма намазы оқылады. Осы күнді жамағат сағына күтуде. Дін бойынша күндердің сұлтаны-жұмада мұсылман баласы Аллаға разылық етіп, шүкіршілік етеді екен. Бұл күні ізгі тілектер орындалады, сондықтан игі істер көбірек атқарылуы тиіс, - дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев.
Бүгін Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде ұзақ үзілістерден соң санитарлық қағидаттар қатаң сақтала отырып, жұма намазы оқылады. Мешіт жамағатын үйді-үйге жеткізу үшін арнайы автобус шақырылды. Жұма намазынан соң тұрғындар үйлеріне тегін көлікпен баратын болады. Бұл - Ақтау қалалық Бекет ата мешіті қызметкерлерінің көптен күткен жұмаға және жамағатқа деген құрметі.