Маңғыстау өлкесі – Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақ екендігі баршамызға белгілі.
Биыл өңірімізде бес жұлдызды Rixos қонақүйі ашылып, өлкемізге жан-жақтан келетін туристер саны артты. Сондай-ақ, саяхаттаушылар табиғи жерлерді де аралап, келушілердің көп бөлігі Бозжыра шатқалына қызығушылық танытты.
Өздеріңізге белгілі, шетелдік инвесторлар тарапынан аталған Бозжыра шатқалы аумағында жаңа туризм нысанын салуға ұсыныс түсіп, қазіргі таңға дейін қоғам тарапынан қызу талқыға түсуде.
Осы ретте Бозжыра кешенінің салынуына өз көзқарасымды білдіре кетсем: өлкеміздің құнды жәдігерлерін қорғай отырып, тарихи-мәдени орындарымызды сақтай білуіміз керек. Мәдени орындарымыздың келушілер әсерінен қоқысқа толып, құнын жоғалтпауын қадағалауымыз керек. Мәдени орындарымыздың «Жабайы» туристік орынға айналмауы, біз үшін ескеріліуі тиіс дүние деп есептеймін.
Сол себепті мен Бозжыра аумағының флорасы мен фаунасына зиян келтірмейтін жоба арқылы, өлкеміздің дамуына тағы да бір сәтті жоба болады деп ойлаймын.
Біріншіден, өңір туризмін дамыту арқылы экономикамызды өркендетеміз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуына мол мүмкіндік туындар еді. Және де қонақ үй құрылысы басталған жағдайда, аумақ маңындағы тұрғындарды да жұмыспен қамти аламыз.
Екіншіден, туристік кешенді салу арқылы Бозжыраға өз бетінше бейберекет барып, табиғатқа орасан зиян келтіретін туристерге тосқауыл бола аламыз.
Үшіншіден, аталған жобаның халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімділіктің барлық талаптары мен стандарттарына сәйкес орындалатыны қуантады.
Төртіншіден, Бозжыраға баратын жол салу арқылы, аумақ маңында орналасқан елді-мекендердің де жағдайы қалыпты болар еді.
Осы ретте жоғарыда аталған мәселелерді негізге ала отырып, мамандармен тыңғылықты талқыланған, сарапталған, нақтыланған жобаның іске асырылуын дұрыс деп есептеп, бірнеше зиялы қауым өкілдері атынан Президент Қ.К.Тоқаевқа 2020 жылдың 25 желтоқсан күні Үндеу хатын жолдаған болатынбыз.
Бозжыра туристік кешенін салу – ол табиғатты қорғау, құндылықтарымызды қастерлеу, жергілікті тарихи-табиғи орындардың сакральдылығын сақтау, жергілікті діл, таным-ғұрыптық құндылықтарымызды ескере отырып, өркениетті жолмен туризм мәдениетінің қалыптасуы.
Бозжыра туристік нысанын салу өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, туристік әлеуетінің артуын, қоршаған ортаны қорғау мақсатына бағытталған құнды жоба деп ойлаймын.
Орынбасар Тоқжанов,
Қазақстанның Білім және Экология салаларының үздігі