Кеше қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай қоғамдық кеңес пен депутаттар алдында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта шаһарда жасалатын шараларға тоқталды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
2020 жылдың 1 желтоқсанында халық саны 203 536 адамға жетті. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2020 жылға 961,8 млн.теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12 айда 237 млрд.теңгені құрады, өсім – 1,6 есе. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 614,3 мың шаршы метрді құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,7 млрд.теңгені құрайды.
2021 жылы әлеуметтік бейімделу орталығын салу жоспарланған
2020 жылы Ақтау қаласы 19А шағын ауданындағы №37 учаскедегі екі 9 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, барлығы 144 пәтер пайдалануға берілді.
18 ш/а №25 және №28 учаскелерінде төрт тұрғын үй жобасы жасақталып, оң қорытындысы алынды. 19 ш/а төрт жалгерлік (коммуналдық) 65 пәтерлік тұрғын үй жобасына түзету жасақталуда.
33 ш/а көпқабатты тұрғын үй жобасы жасақталуда. Сондай-ақ, «Ақтау қаласында тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығын салу» жоспарланып отыр. Нысан 150 адамға арналған.
Жаңа автобустар қатынай бастады
Ақтау қаласында қоғамдық көлік автобустарымен жолаушыларды тасымалдау бойынша 6 бағытта (№2, 3, 4, 4м, 5, 7 маршруттары) 70-ге жуық автобус қызмет атқарады. 2020 жылы қаланың жаңа шағынаудандарын (18, 18а, 19, 19а, 20) қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында №8 қоғамдық көлігі пилоттық нұсқада іске қосылды. Бүгіннен бастап №107 бағыты қатынай бастады және №3а бағыты пилоттық режимде жүре бастады. Қала әкімі №5 маршрутына тұрғындардан көп шағым келетінін ескеріп, жаңа автобустармен ауыстыру қолға алынғанына тоқталды. Ол бастысы халықтың пікір маңызды, ыңғайлы әрі тиімді автобустар қалада жолаушыларды тасымалдау қажет екенін айтты.
Абаттандыру
Биыл 6 шағынауданға (2, 6, 7, 12, 26, 27) толығымен абаттандыру жұмыстары жүргізілді (автожолдар – 67,2 км., тротуар - 45,8 км. балалар ойын алаңдары – 63 дана, спорт алаңдары – 22 дана). Көшелердегі жол бойында орналасқан 177 көппәтерлі тұрғын үйлердің қас беттерін сырлау жұмыстары жүргізіліп, аяқталды.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы 80 тұрғын үй алды
2020 жылы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» бағыты бойынша әкімдікке 375 үміткер құжат тапсырды, оның ішінде 160 азаматқа кезек ретімен жолдама берілді. Қазіргі таңда нақты үй алғандар саны 80 адам.
Сонымен бірге, тұрмысы төмен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына сатып алу құқығынсыз 19А ш/а 2 тұрғын үй (жалпы 144 пәтер) жалға беру жүзеге асырылуда.
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар шаһар басшысына өз сауалдарын жолдады. Атап айтсақ, ауыз сумен қамтамасыз ету, қоқысты уақытылы жинау, қала іргесіне жаңа мешіт тұрғызу, үш ауысымды оқытудың алдын-алу бойынша мәселелерді көтерді.
Қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай аталған мәселелердің әрқайсысы бақылауда екенін айтып, оған байланысты қолға алынатын жұмыстарды атап өтті.