Жаңаөзенде дауыл жел бірнеше ғимараттың шатырын ұшырып әкетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Жаңаөзенде болған табиғи апат салдарынан ешкім зардап шекпеген.
«Қатты желдің салдарынан Өркен шағын ауданындағы төрт қабатты тұрғын үйдің 70 шаршы метрге жуық шатырының кейбір жері қираған. Үйдің ауданы - 100 шаршы метр. Ғимарат 1986 жылы салынған», - деді ТЖД бастығының қорғаныс жөніндегі орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.
Бұдан бөлек, Теңге ауылында №2 емхананың шатыры да қатты жел салдарынан қирады.
«Ғимарат 1997 жылы салынды, күрделі жөндеу 2017 жылы жүргізілді. Әкімдік өкілдерімен бірге комиссия құрылып, ол оқиға орнында болды», - деді Бекболат Әбдіқадыров.
Айте кетейік, кеше Маңғыстау облысында қатты жел соқты. Синоптиктер 28, 29 қаңтарда өңірде екпіні 17-22 м/с қатты жел соғатынын ескертті.