Маңғыстау облысы коронавирустық көрсеткіш бойынша «жасыл аймақта» болғанымен Ақтау қаласы, Мұнайлы мен Түпқараған аудандары «сары аймақта». Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева мәлім етті. Оның айтуынша, Ақтау мен тағы екі ауданда қауіпті індетті жұқтырғандар саны артуда.
«Маңғыстау облысының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз. Коронавирустан әлі де қауіп бар. Коронавирус індеті аса қауіпті екендігіне бәріміздің де көзіміз жетті. Қазір біз маска тағуды үйрендік. Алайда әлеуметтік қашықтыққа мән бермей жүрміз. Қол беріп, құшақтасып амандасу, беттен сүю, жиналып той-томалаққа бару, корпоратив ұйымдастыру сияқты әрекеттер аурудың көптеп таралуына ықпал етеді», - деді Жамал Жаманбаева.
Спикердің мәліметінше, облыстық инфекциялық стационарларда 113 науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 44 науқастың тест сынамасы оң нәтиже берсе, қалғандары коронавирустық пневмонияға шалдыққандар. Ал, үй карантинінде 125 науқас бар. Инфекциялық стационарлар мен мобильдік топтар үздіксіз жұмыс істеп тұр. Дәрілік заттар, қорғаныш құралдары жеткілікті, мамандар дайын.
«Тағы бір айта кететінім бар. Жаңа жылға орай, үйге Аяз ата шақыру дәстүрі кең етек жайып жатыр. Өзіңіз ойланып қараңызшы, Аяз ата сіздің үйге келгенше, қаншама үйде болғанын білмейсіз ғой. Қаншама адаммен көрісті, ол вирусты тасымалдаушы болуы әбден мүмкін. Жалпы мерекелік шара өткізуді қою керек. Барлық сақтық шараларын ұстануымыз қажет. Өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығы біздің ғана қолымызда», - деді ол.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев те қатысты.
Оның айтуынша, өңір бойынша желтоқсандағы коронавирустық көрсеткіш қараша айымен салыстырғанда күрт өсіп отыр. Бұл жағдай халықтың түрлі той, садақа мен жасырынды жиындарды ұйымдастыруды тоқтатпағанынан туындап отыр.
«Бүгінгі таңда облыс көлемінде әлі де өтіп жатқан жиынның бәрін тоқтату керек. Кеше ғана облыс әкімдігінің кеңейтілген кеңесінде мониторинг топтарына тапсырма берілді. Жаңа жылда жасырын өткізілетін кештер, ертеңгіліктер, табиғатқа шығу сияқты шаралар қатаң бақылауға алынады», - деді Ғ. Надуев.
Еске сала кетейік, Атырау облысымен шектесетін Бейнеу ауданы Боранқұл ауылына санитарлық пост қойылды. Бұл пост қазір жұмысын бастап кетті.
«Бізді қатты уайымдататыны, коронавирус індетімен тіркелгендердің 70-80 пайызын 60-тан асқан қарттарымыз құрап отыр. Олар мерекелік жиындарға қатысып, сол жерде вирусты жұқтырады. Ал олар болса ауруды көтере бермейді. Соңы қиын жағдайға әкеп соқтырады. Жаңа жылдың өзі - отбасылық мереке. Оны тек жанұямен, үйде қарсы алу керек. Денсаулық бәрінен маңызды», - деді Ғ. Надуев.
Сондай-ақ, спикер өз кезегінде, тұрғындарды әлеуметтік қашықтықты ұстанып, маскалық режимді сақтауға шақырды. Аса қажеттілік болмаса адам көп шоғырланатын жерлерге бармау керектігін түсіндірді.