Жаңа жыл қарсаңында базарлар, дүкен сөрелері әр түрлі отшашу, пиротехникалық бұйымдарға тола бастайды. Мерекені көңілді қарсы алу үшін адамдар аталған қауіпті құралдарды пайдаланғанды жөн көреді. Десе де сақтық шараларын дұрыс сақтамай, арты қайғылы жағдайларға ұласып жатады. Сондықтан Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде сақтық шараларын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Түсіндіру жұмыстары барысында қызметкерлер алдымен пиротехникалық бұйымдарын сататын сауда орталықтарында үгіт насихат жұмыстарын жүргізді.
«Пиротехниканы пайдалану кезіндегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін оны сату және пайдаланудың негізгі қағидаларын еске саламыз. Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес пиротехникалық бұйымдарды сатуға мамандандырылған дүкендерде немесе бөлімдерде рұқсат етіледі. Олар ғимараттардың жоғарғы қабаттарында орналасуы және эвакуациялық шығу есіктеріне жанаспауы тиіс. Пиротехникалық бұйымдар өртке қарсы қалқалармен бөлінген үй-жайларда орнатылған металл шкафтарда сақталуы тиіс. Оларды жертөлелерде де орналастыруға жол берілмейді. Пиротехниканы үйде көп мөлшерде сақтауға тыйым салынады. Бұл талапты бұзу жазатайым жағдайларға әкеп соғады», – дейді Ақтау қаласының төтенше жағдайлар басқармасы аға инженері азаматтық қорғау лейтенанты Әлібек Абилов.
Мамандардың айтуынша, пиротехниканың сертификатталған түрін пайдалану керек және оны құрылыстардан алыс ашық кеңістікте ғана іске қосу керек. Қазіргі заманғы пиротехникалық құралдар балалар мен жасөспірімдерге үлкен қызығушылық тудыруда. Соның салдарынан сақтық шаралары сақталмай, балалар зардап шегуде.
«Көптеген балалар пиротехниканы дүкендерден сатып алып, оны бақылаусыз пайдалана бастады. Мұндай бұйымдарда өндіруші туралы деректер және қолдану жөніндегі міндетті нұсқаулық болуы тиіс. 16 жасқа дейінгі балаларға пиротехниканы сатуға тыйым салынады. Жаңа жылдық мерекеде өрт қауіпсіздігінің қарапайым қағидаларын орындау керек», – деп тілегін жеткізді Ә.Бекбердіұлы.
Пиротехниканы қолдану кезіндегі қауіпсіздік қағидаларына назар салсақ: сіз фейерверктің салют сияқты түрін сатып алсаңыз, онда қолдану жөніндегі нұсқаулықты алдын ала мұқият оқып және оны сақтау керек. Отшашуды тек ашық ауада іске қосып, тегіс жерге орнату қажет. Сондай-ақ ол қол созыңқы арақашықтықта жағылуы керек және ғимараттардың, электр беру желілерінің жанында отшашуды іске қосуға болмайды. Ең бастысы – балаларға отшашуды іске қосуға рұқсат етілмейді.
А. БЕКМҰРАТҚЫЗЫ