Маңғыстау облысында қоршаған ортаға залал келтірген компаниядан 39 млн теңгеден астам қаржы өндірілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлікке қарасты Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті «Каспий Цемент» ЖШС-ын профилактикалық бақылау кезінде қалдықты заңсыз төккенін анықтады.
«ЖШС қондырғыны пайдалану кезінде тауарлық бетон өндіру үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы мен рұқсатынсыз қоршаған ортаға шығарындылар тастаған. Ұйым 5,5 мың тонна көлемінде пеш күлін тастаған. Кәсіпорынға бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылды және 39 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілгені анықталды. Қазіргі уақытта, бұл сома мемлекет кірісіне өндірілді», делінген хабарламада. Экология департаменті нұсқаманы толық орындау үшін ерекше бақылауға алды.