© «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясы
Мұнай тасымалы саласының ұлттық операторы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның басты бағдары – «қара алтынды» тұтынушыға сапалы әрі қауіпсіз жеткізу. Маңғыстау өлкесінде мұнай тасымалын жүзеге асыруға жауапты Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы – компания құрамындағы күрделі және іргелі мекеменің бірі. Биыл басқармаға қарасты Бозашы түбегіндегі «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясы мен «Қаражанбас» мұнай айдау станциясының іске қосылғанына аттай 40 жыл толып отыр.
Тағылымы терең тарих
Қазыналы Маңғыстауда өткен ғасырдың 60-70 жылдары мұнай көздерінің ашылуы – өлкенің өндірістік өміріне жаңа серпін берді. Өзен, Жетібай кен орындарынан соң Бозашыдағы Қаражанбас, Солтүстік Бозашы, Қаламқас, Жалғызтөбе кен орындарының бірінен кейін бірінің жеделдете ашылуының арқасында Қазақстан сонау Кеңес одағы тұсында мұнай өндіруші республикалардың ішінен Ресейден кейін екінші орынға шықты. Ал мұнайшылар арасында «Бозашы – Маңғыстаудың екінші тынысы» деп аталған-ды.
1979 жылы Қаламқас кен орнында 510 миллион тонна мұнай қоры анықталып, оны игеру үшін «Комсомольскнефть» мұнай газ өндіру басқармасы құрылды. Оның құрамындағы Қаламқас және Қаражанбас кен орындарын игеру сол жылдың күзінде басталып кетеді. Әсіресе Қаламқас мұнайын өндіру жұмыстары қызу жүргізілді. Сондықтан Бозашы мұнайын тасымалдау мәселесі күн тәртібінде тұрады. Сол уақыттарда-ақ құрылысы басталып кеткен ұзындығы 264,5 шақырымдық «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» (сол кездегі «Қаламқас – Қаражанбас – Шевченко») мұнай құбырына артылған үміт зор еді. Бозашыдағы кен орындарды Ақтаумен байланыстырған құбыр құрылысына 1971 жылы Атыраудан Ақтау қаласына көшірілген Оңтүстік магистральды мұнай өнімі құбырлары басқармасының мамандары жетекшілік етті. Табиғаты қатал, шөлді аймақта құрылыс қарқыны қызу жүріп жатты.
Сол жылдары «Қаражанбас» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясы (ЖӨДС) құрылып, оның тұңғыш бастығы болып «663 – шақырым» мұнай айдау станциясын басқарған Валерий Пяк, ал тұңғыш аға инженері болып Құлсары мұнай айдау станциясын басқарған Кесікбай Елеуов тағайындалады. Оңтүстік басқарма басшысы Анатолий Каширский екі маманды құрылыс жұмыстарының басы-қасында болу үшін арнайы шақыртады және сол 1979 жылдың көктемінде білікті мамандарды Украинадағы Кременчуг қаласына іссапарға жібереді.
«Дәл сол кезде Украинада Венгрия мен Чехиядан келген шетелдік мамандар жаңадан мұнай құбырын салып жатты. Құрылыс басында 15 күндей жүрдік. Астымызға екі кісілік «Ка-25» тікұшағын берген, ұшқышпен бірге мұнай құбырының бойын араладық, керек жеріне ұшып барып құбырдың салынуын зерттейміз, өзімізге керегін түртіп аламыз. Одан бөлек Чехияның жинақталған блокты сорапты станцияларының құрылысын көрдік, шетелдік мамандарға жағдайдың жасалуы сияқты басқа да ұйымдастыру сұрақтарының қалай шешілетінін көріп, танысып, біраз нәрсені түйіп қайттық. Өйткені бізде де, оның ішінде Қаражанбас пен Таушық мұнай айдау станцияларында тез салынатын дәл осындай жинақталған блокты сорап станциясын салу жоспарланып қойған еді. Сондықтан алдын ала тәжірибе алмасып келдік.
Ал 1979 жылдың 10 мамырында «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясына келіп, өз қызметіме кірісіп кеттім. Келсем, 4 резервуардың сорап станциясының құрылысы жүріп жатыр екен. Мұнай құбырының құрылысы әлдеқашан басталып кеткен, біршама бөлігі салынып та қалған. Бір ғаламат құрылыс жүріп жатты. Қаламқастан Ақтауға дейін қисапсыз адам мен сансыз техника болды. Күн демей, түн демей осы құбырды тапсыруды ойлаған, тыным таппаған мамандар құрылыс басында жүрді», – деп еске алады бүгіндері тасымал саласының ардагері Кесікбай Елеуов.
Мұнай тасымалы саласының ардагері Кесікбай Елеуов
«Сол кездері құбыр құрылысын Түрікменстанның «Шатлык Газ Строй» мекемесі жүргізді. Валерий Пяк екеуміз техникалық қызметтің желілік инженері мамандығын меңгердік деуге болады. Қаламқас, Қаражанбас, Таушық бойында жүріп, тапсырыс беруші мекеме өкілі ретінде құрылыстың жүру барысын қадағалап, кемшіліктері болса күнде кешкі жиналыста құрылысшылардың қаперіне салып отырдық. Кеңестік кезеңдегі маңызды жобалардың бірі болған соң КСРО мұнай-газ өнеркәсібі мекемелерінің Құрылыс министрінің орынбасары Марат Хуснутдинов айына бір рет келіп, Қаламқаста жиын жасап, Оңтүстік басқарма мамандары ретінде біздің де есебімізді алып отыратын», – дейді Кесікбай аға.
Қажырлы еңбек пен оңтайлы техникалық шешімдерді енгізудің нәтижесінде құбыр жоспарлы уақыттан бұрын «Қаламқас – Қаражанбас» бөлігі белгіленген 7 айдың орнына 5 айда, «Қаражанбас – Таушық – Ақтау» бөлігі 11 айда емес, 9 айда салынады. Бір жылдан асар-аспас уақытта «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральды мұнай құбыры 1979 жылдың төртінші тоқсанында, желтоқсан айында іске қосылады.
«Құбырды тұңғыш іске қосуға станция мамандарымен бірге «Құлсары» мұнай айдау станциясының тәжірибелі мамандар бригадасы қатысты. Шамамен желтоқсан айының бас кезі болуы керек. Сағат түнгі үш. Мұнай өндіру басқармасының резервуарынан мұнайды өз резервуарымызға қабылдау сәті еді. Толқып жүрміз. Әрине, тарихи сәт. Аз ғана адамбыз, кішігірім жиын жасап, бір-бірімізді құттықтап, жігіттер «задвижка» дейміз ғой, ысырманы ашты. №2 резервуарымызға 5000 тоннаға жуық мұнайды қабылдап алдық. Бірер күннің ішінде оны құбырға айдап, тіке Ақтауға жөнелттік. Желтоқсан айының соңына қарай түнде Қаламқас мұнайын сол кездегі «Шевченко» желілік-өндірістік диспетчерлік станциясы, қазіргі «Ақтау» бас мұнай айдау станциясының резервуарына апатсыз, аман-есен кіргіздік», – дейді Кесікбай Елеуов. Бозашы түбегіндегі тұңғыш мұнай құбырына осылайша «жан бітеді».
Қаламқас мұнайын Ақтауға дейін жеткізу жұмыстарының басы-қасында Оңтүстік басқарма пайдалану қызметінің басшы- сы міндетін атқарған Франгиз Мулюков, «Қаражанбас» ЖӨДС бастығы Валерий Пяк пен аға инженері Кесікбай Елеуов, «Шевченко» ЖӨДС операторлары жүрді. Сол кездері құбырды қосуға атсалысып, үлес қосқан Құлсары бригадасына басшылық жасаған Шалатай Елдесбаев кейін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған еді. «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырының және мұнай айдау станцияларының салынуына сол кездегі Оңтүстік басқарма басшылығы және бас мамандар – Анатолий Каширский, Зинон Абдрахманов, Франгиз Мулюков, Александр Дергачев, Василий Ульченков, Николай Перкин, Халел Үмбеталин, Иван Каспер, Мәрия Нұрғалиеваның және тағы да басқа көптеген мамандардың зор үлес қосқанын ерекше атап кету керек.
1979 жылы мұнай құбыры қосылса, құбырдың бастапқы нүктесі – «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясы ресми түрде 1980 жылы іске қосылады. Нысанның қабылдануына орай өткен салтанатты жиында «Станция есігі ашылды» деген мән-мағынамен құрылыс жүргізген мекеме бастығы символикалық кілтті сол кездегі Оңтүстік басқарма басшысы Анатолий Каширскийге, ал ол өз кезегінде станция бастығы Валерий Пякке табыстады.
Оңтүстік басқарма басшысы Анатолий Каширский «Қаламқас» станциясының бастығы Валерий Пякке кілтті табыстауда
Ал 1980 жылы Қаражанбас кен орнынан мұнай алына бастайды және сол жылы «Қаражанбас» мұнай айдау станциясы да іске қосылады. Чехия мамандарының қатысуымен Қаражанбас пен Таушықта Чехияның жедел жиналып, жедел қондырылатын жинақталған блокты сорапты станциялары бой көтереді. Бұл станция жұмысын жедел қосуға мүмкіндік берді.
Сол жыл бірнеше тарихи сәттердің кезеңі еді. 1980 жылы қаңтар айында Ақтау теңіз портынан Қаламқастың алғашқы мұнайы тиелген танкер аттанды. Бұл да – тарихи сәт. Каспий арқылы танкерді жөнелту сәтіне Маңғыстау облыстық комитеті партиясының бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаевтың өзі қатысады. Дәл осы жылы Қаламқаста Бозашының бірінші миллион тонна «қара алтыны» өндіріледі. Осылайша Қаламқас пен Қаражанбас мұнайы құбыр арқылы Ақтау теңіз портына жеткізіліп, одан әрі Бакудің мұнай өңдеу зауытына үздіксіз жөнелтіліп жатты.
«Қаламқас» бас мұнай айдау станциясының іске қосылуына орай өткен салтанатты жиында
Өркені өскен өндіріс
«Қаражанбас» желілік өндірістік-диспетчерлік станциясы 40 жылдан астам уақыт Бозашыдағы кен орындарынан мұнай қабылдап, тасымалдауды жүзеге асырып келе жатыр. Оның құрамына «Қаламқас», «Қаражанбас» және «Таушық» мұнай айдау станциялары кірді. 2006 жылы қатарға «Солтүстік Бозашы» мұнай айдау станциясы қосылды. Ал Таушық станциясы өз жұмысын тоқтатады. 2020 жылы құрылымдық өзгерістер болып, «Қаламқас» және «Қаражанбас» станциялары өз алдына бөлек бөлімшелер ретінде құрылды. Қазір «Қаламқас» станциясында – 63, оған қарасты «Солтүстік Бозашы» станциясында 22 адам қызмет етеді. «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясы жұмысына өндірістік тәжірибесі мол, білікті маман Еркін Шахшаев басшылық етіп отыр.
«Қаражанбас» станциясында 141 адам, бастығы – өндіріс жұмысының қыр-сырын меңгерген маман Талғат Азаматов. Вахталық әдіспен еңбек ететін мамандар мұнай құбыры жұмысының іркіліссіз жүруін қамтамасыз етіп отыр. Қырық жылда станциялардағы жабдықтар жаңарып, өндірісті басқару үдерісіне тың технологиялар енгізілді. Өндірісті автоматтандыру бағытында енгізілген SCADA жүйесі мұнай тасымалын қауіпсіз, үздіксіз онлайн режимде басқаруға мүмкіндік береді. Технологиялық процесс жергілікті диспетчерлік пункттен және Нұр-Сұлтан қаласындағы бас диспетчерлік пункттен тікелей басқарылып отыр. Бұл да – технология жетістігі.
Осы кезең аралығында мұнай құбырының учаскелері де жаңарды. Мәселен, мұнайды апатсыз әрі қауіпсіз тасымалдау мақсатында 2015–2018 жылдары негізгі құбырлар модернизациясы аяқталып, «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырының 203,1 шақырым учаскесі жаңадан салынып, қайта қосылды.
Бүгінде стратегиялық маңызы зор құбыр бойымен Қаламқас, Солтүстік Бозашы, Қаражанбас, Доңға кен орындарының мұнайы тасымалданады. «Қаламқас –Қаражанбас – Ақтау» магистральды мұнай құбырының жылдық жобалық тасымал қуаты 8,5 млн. тоннаны құрайды.
«Солтүстік Бозашы» станциясының операторы Марат Жалекеев
Бозашы мұнайы 3 бағытқа жөнелтіледі. Бір бөлігі Ақтауға жеткізіліп, одан әрі танкерге тиеліп, алысжақын шетелге экспортқа жіберіледі. Енді бір бөлігі «Өзен – Жетібай – Ақтау» мұнай құбыры арқылы «Өзен» бас мұнай айдау станциясына, одан әрі «Өзен – Атырау – Самара» ыстық мұнай құбыры арқылы Атырау мұнай өңдеу зауытына және Ресейге жеткізіледі. Тағы бір бөлігі Битум зауытында битум өндірісі үшін пайдаланылады. Өйткені Қаражанбас кен орнының аса шайырлы қою мұнайы жол битумдарын шығаруға шикізат ретінде жарамды. Битумның сапасын сақтау үшін мұнайдың түрлі сорттарын араластырмай, біртектілігін сақтайтын бөлгіш поршеньдер арқылы Қаражанбас мұнайы «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырымен келеді, оны Ақтау Битум зауытына жеткізу үшін зауытқа тіке апаратын, ұзындығы 11,297 шақырым мұнай құбыры салынып, іске қосылды.
Қаражанбас. Апатты қалпына келтіру пунктінің бастығы Амангелді Таменов және желілік құбыршы Амангелді Мамаев
Бүгінде аймақ бойынша құрамына 7 мұнай айдау станциясы және 2 мұнай қыздыру станциясы кіретін Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының жұмысын Әліби Амандықұлы Құлтумиев басқарып отыр. Басқарманың кәсіби білігі жоғары, майталман мамандары елдің экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Қырық жылдық белесті еңсерген Бозашы түбегіндегі мұнай айдау станцияларының мерейтойы Қазақстанның мұнай құбыр көлігі саласының 85 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Түбек мұнайын отандық және әлемдік нарыққа жеткізу міндеттерін орындап келе жатқан нағыз еңбек адамдары – маңғыстаулық мұнайқұбыршылар тасымал саласына келешекте де өз үлесін қоса бермек.
Асылжан АҚМҰРЗИЕВ,
«Қаражанбас» мұнай айдау станциясының маманы:
– «ҚазТрансОйл» компаниясында еңбек етіп келе жатқаныма биыл 23 жыл болды. 1997 жылы «Қаражанбас» мұнай айдау станциясында тауар операторы ретінде қызметімді бастадым. 2006 жылдан сұйыққойма паркінің инженері, ал 2015 жылдан бастап ауысым бастығы қызметін атқарып келемін. Әрине, бұрынғы кезді қазіргі жағдаймен салыстыруға келмейді. Қазір өндіріс жұмысы автоматтандырылған. Жаңа дәуір технологияларының енуі – өндіріс жұмысына жаңа серпін берді. Көптеген басшыларымыз өндіріске дем беріп, абыройлы қызмет атқарды. Кезінде «Қаражанбас» ЖӨДС 10 жылдан астам уақыт басқарған Таин Қосайұлы Доржығұлов сияқты басшыларымыздың да еңбегін ерекше атап кетер едім. Әріптестеріміз қажырлы еңбегін сарп етіп, күн демей, түн демей, аптап пен аязға қарамай еңбек етіп келеді. Барлық жағдай жасалған, жайлы жатақханамыз бар. Мекемемізде қауіпсіздік техникасының сақталуына баса назар аударылады. Білікті мамандармен бірге мұнай тасымалына үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Қырық жылдық мерейтой құтты болсын. Әріптестеріме тек табысты еңбек тілеймін!
«Қаражанбас» мұнай айдау станциясының мамандары Асылжан Ақмұрзиев және Сәрсенбай Өтеев
Владимир НОВОСЕЛЬЦЕВ,
«Қаламқас» бас мұнай айдау станциясының маманы:
– 1998 жылдан бері «Қаламқас» бас мұнай айдау станциясында еңбек етемін. 20 жылдан астам уақыт электргаз дәнекерлеушісі болдым. Қазір слесарь-сантехник қызметін атқарамын. Көптеген күрделі жобаларға қатыстым. «Өзен – Атырау – Самара», «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» мұнай құбырлары бойындағы апат көзін жою, ақауларды жөндеу, мұнай құбырларының жаңадан салынған учаскелерін қосу жұмыстарына араластым. 20 жыл бойы осы құбыр бойында еңбек еттім. 2005 жылы Атыраудағы мұнай құю эстакадасының құрылысына қатыстым. Әрине, дәнекерлеуші – жауапты жұмыс, ердің мінезін керек ететін мықты мамандық. Өзіме ұнайтын кәсіп. Ұжымымды мерейтоймен құттықтап, табыстары молая берсін деймін.
«Қаламқас» бас мұнай айдау станциясының маманы Владимир Новосельцев
Жайық НАҒЫМАШ