Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сүлейманқызы Асия 7 жасынан бастап түрлі тәттілер мен басқа да тағам түрлерін дайындаумен айналысады. Алғашында ол ас дайындап үйреніп, видеоға түсіріп, кейін монтаждауды меңгеріпті. Бүгінде оның видео рецептері әлеуметтік желіде сұранысқа ие.
«Асхана әлеміне қызығушылығым 6-7 жастан басталды. Алғашында жеңіл әрі оңай тәттілерді дайындадым. Қазір тағамның барлық түрін, торттарды да дайындай аламын. Рецепт түрлерін кейде ғаламтордан алсам, кейде өзім ойдан құрастырамын. Болашақта дәрігер болуды, адамдарға көмектесуді армандаймын. Бұл ісімді бос уақытымда, кейде арнайы тапсырыспен жасап, кәсіп етудемін. Кәсібім сабағыма кедергі келтірмейді, керісінше, уақытты үнемді пайдалануға, қосымша мектептегі сайыстарға қатысуға да септігін тигізеді», - дейді Асия Сүлейманқызы.
Бес саусағынан бал тамған Асия, мектепте озат оқушы. Түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, Республикалық “Talant.kz-2019” байқауынан жүлделі орынға ие болған. Ас үймен дос болып, сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Асияның ата –анасы оның қызығушылығына қолдау білдіріп, ертеңіне үлкен сенім артады.