2025 жылға дейін Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қаржысына 20 көпсалалы аурухана салынады. Соның бірі Маңғыстау облысында бой көтереді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Осы мақсатта бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың төрағалығымен жиын өтті. Кездесуге түрік инвесторлары және ҚР денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Батырбек Әбділдин, Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев қатысты.
Егер аталған жоба орындалса аймақтағы аурухана тапшылығы мәселесі шешіледі, халыққа жоғары технологиялық мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсетіледі. Науқастарға шұғыл медициналық жәрдем беруге, өңірде медициналық туризмнің дамуына ықпал етеді.
Айта кетейік, бұл аталған жобаның барлық тетігі егжей-тегжейлі талқыланған алғашқы кездесу.
«Аталмыш жоба озық технологияларды қолданысқа енгізіп, халыққа медициналық көмек көрсету сапасын арттырады. Дәрігерлерге барлық жағдай жасалып, ауруханаға қаралушылардың қауіпсіздігі үшін тиісті іс-шаралар алынады деп сенемін. Қазіргі уақытта бұл нысан қоғамға өте қажет. Баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді Гүлмира Мұратқызы.