Ақтау қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған, мұқтаж отбасының балалары мен мүмкіндігі шектеулі балалар қаланың әдемі жерлерін аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әнші балапан" қорының ұйымдастыруымен өткен шарада 40-тан астам бүлдіршінге жаңа жылдық сый-сияпат жасалды.
Түстен кешке дейін балалар қаланы аралап, ең көрікті жерлерін қызықтап, суретке түсті. Атап айтсақ, теңіз жағалауына және жуырда ғана есігін айқара ашқан әлемдік деңгейдегі "Rixos” қонақ үйіне барды. Аяз атамен бірге өлең айтып, сыйлықтарын алды.
"Бүгін міне, балалар мәз-мейрам. 40 баланың ішінде үйінен шықпаған, төсекте таңылған балалар, онкологиямен ауырып жүрген кішкентайлар, дцп-мен ауыратын балалар бар. Биыл өздеріңіз білетіндей, оңай жыл болмады. Балалар да үйде отырды.Бұл шара арқылы сәл де болса жаңажылдық көңіл-күй сыйлап, қуантайық деген ойымыз болды. Қолдау көрсеткен Ақтау қалалық әкімдігіне және автобусты берген "Caspiy avtopark" басшылығына алғысым шексіз", - деді "Әнші балапан" қорының директоры Арзу Изембаева.