Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жалпы білім беру ұйымдарының арасында өткен "Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес" атты IV республикалық оқушылар айтысы онлайн форматта өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Республиканың барлық облыс, қалаларынан қатысқан 28 ақынның айтысында маңғыстаулық Нұртай Әбілқайыр жүлделі 2 орын иеленіп, Білім министрі А.Аймағамбеттің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ ол "Ердің соңы - Пір Бекет" атты мүшайраның Бас жүлдесін жеңіп алды. Айтыс пен жазба ақындықты қатар алып жүрген Әбілқайыр - Қарақия ауданы Құрық ауылында тұрады. Құрық мектеп-гимназиясында 7 сыныпқа дейін үздік оқып, Алматы қаласы Абай атындағы республикалық дарынды балалар мектебіне түскен болатын. Содан бері бірқатар айтыс пен мүшайрада, ғылыми жобаларда топ жарып жүр. Қазір 11 сыныпта оқитын зерделі ұлдың болашағынан зор үміт күтеміз.
Гүля БӨЛЕКБАЕВА