Биыл Маңғыстау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 62 мыңға жуық адам емделді. Оның 45 679 тәуліктік стационарларда, ал 15 612 күндізгі стационарларда ем қабылдады. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау облысы филиалының директоры Руслан Бектубаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Маңғыстау облысында шамамен 613 мың адам немесе өңір халқының 85,7% медициналық сақтандырумен қамтылған.
Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) 9 млрд. теңгеден астам қаржы аударылды. 6 млрд. теңгені жұмыс берушілер, шамамен 3 млрд. теңгені жалдамалы жұмысшылар, 220 млн. теңгені жеке кәсіпкерлер, 50 млн. теңгені БЖТ (бірыңғай жиынтық төлем) төлеушілер, 50 млн. теңгені азаматтық – құқықтық сипаттағы шарт бойынша еңбек ететін жеке тұлғалар, шамамен 24 млн. теңгені өз-өзіне төлем жасаушылар жіберді.
Шығындардың басым бөлігі – 3,6 млрд. теңге - стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмекті қамтамасыз етуге бөлінді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл басынан бері жоғары технологиялық медициналық қызметтерді төлеуге 73,0 млн. теңгеден астам қаражат жұмсады.
Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту үшін 583,7 млн теңге төленді. Ем алған науқастың саны – 2905.
«Биыл 11 ай бойынша 2 млн. астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді. Оларға Қордың Маңғыстау филиалы 3,0 млрд теңге бөлді. Сондай-ақ 950 млн теңгеден астам қаржыға 480 мыңға жуық стоматологиялық қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері коронавирустық инфекциямен күрес бойынша іс-шараларды қаржыландыру сомасы 4,5 млрд. теңгені құрады», - деді Руслан Бектубаев.
Жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына халықтан 237 өтініш келіп түсті. Олардың ішінде 167 тұрғындар шағымы, 63 медициналық ұйымдар мен дәрігерлерге арналған рақмет айту хаты.
Өтініш білдіру себептерінің арасында МӘМС мәртебесін алу, дәрілік заттардың болмауы, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күту, емханалар мен стационарларда медициналық көмек көрсету сапасы, медициналық ұйымдар қызметкерлерінің дәрігерлік этика мен деонтологияны сақтамауы, емдеуге жатқызудан бас тарту және т. б. бар.
«Көбінесе «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасы арқылы есепке қою кезінде сақтандырылу мәртебесі жоқ, жұмыс істемейтін жүкті әйелдерден өтініштер түседі. Бұл жағдайда біздің сарапшылар жүктілікті растайтын анықтамалардың негізінде 1 айға уақытша мәртебе береді. Осыдан кейін жүкті әйел есепке алынады және болашақта оның мәртебесі өзгермейді. Ол сақтандырылған», - деді Руслан Бектубаев.
Оның айтуынша, егер пациентке медициналық қызмет тиісті деңгейде көрсетілмесе, онда ол 1406 нөмірі бойынша, «Qoldau 24\7» мобильді қосымшасы немесе «SaqtandyruBot» Telegram-боты арқылы хабарласуы қажет. Қордың мамандары мен сарапшылары жедел түрде әрекет етіп, қажетті көмек көрсетеді.