Ағымдағы жылдың 24 қарашасында Маңғыстау облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті онлайн форматтағы отырысы болып өтті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібіне сәйкес, Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Акниязоваға қатысты тәртіптік істер қаралды.
Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Акниязоваға қатысты Мұнайлы аудандық тұрғын-үй комиссиясының мүшелерінің іс-әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіру деректері бойынша мәселе қаралып, «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жариялау туралы жоғары тұрған басшысының атына ұсыным жолдау туралы шешім қабылдады.
Сонымен бірге, 2019 жылдың және 2020 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамаларының және әдеп кодексі талаптарының орындалысы немесе оның алдын-алу мақсатында атқарылған іс-шаралар бойынша Қарақия ауданы әкімінің және Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының есептері тыңдалды.
Аталған мемлекеттік мекеме басшыларына Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т. Жұмағұлов пен кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсынымдар енгізілді.
Атап айтқанда, Қарақия ауданы әкімі аппараты және оған қарасты дербес мемлекеттік мекемелердегі жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың жәй күйін тыңдап отыруды және туындаған мәселерді дер кезінде шешуді тәжірибеге айналдыруды және сыбайлас жемқорлыққа алып келетін кез келген құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттерді болдырмау, оның алдын алу бағытында құзырлы органдармен бірлесіп кешенді шаралар алуды ұсынды.
Сонымен қатар, аталған мемлекеттік мекеме қызметінің негізгі бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, оның нәтижесімен заңнама талаптарына сәйкес тиісті жұмыстарды жүргізуді және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жарияланғанындай, мемлекеттік қызметшілердің санын оңтайландыру жұмыстарын жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыным етті.