Ақтау қаласының Полиция басқармасы алаяқтыққа қатысты 31 жастағы күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтаулық үш тұрғын алаяқтықтың құрбанына айналған. Олар жиһаз жасап беремін деген уәдеге сеніп, алдын ала төлем жасаған. Алайда уәде берген адам кейін хабарсыз кеткен.
Алданған азаматтар полицияға күдіктіні табу туралы арызданды. Тұрғындардың айтуынша, келтірілген шығынның жалпы сомасы – 200 000 теңге.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
«Ешқашан алдын-ала төлем жасамаңыз, бейтаныс адамға ақша аудармаңыз. Егер Сізге қатысты қылмыс жасалса, дереу полицияға хабарласыңыз», - деп атап өтті Маңғыстау облысының Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.
Маңғыстау полициясы соңғы уақытта алаяқтықтың жиілеп кеткені туралы ескертеді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА