Сәкен Ділдахмет Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында Бозжыра маңына қонақүй салуға қатысты өз ойымен бөлісті. Осы ретте сұхбат үзіндісін назарларыңызға ұсынамыз.
- Соңғы кездері Маңғыстаудағы Бозжыра тауында қонақүй салу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Бұған қатысты не ойлайсыз?
- Былтырдан бері елімізде ұлттық парктерде экологиялық туризмді дамытамыз деп түрлі бағдарлама қабылданып жатыр. Биылдан бастап Іле Алатауы, Көлсай көлдерінде, ұлттық парктерде туризмді дамыту бойынша жерлер беріліп жатты. Әрине олардың бәрі айналып келген кезде, Бозжырадағы мәселе де қарап отырсақ бүгінде табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр. Кез келген елде экологиялық туризмді дамыту неден басталады? Ол халықты ағартудан басталады. Халық жабайы табиғатқа барған кездегі мақсаты – таңсәріде ояну, аспандағы жұлдыздарды бақылап, мүмкіндік болса, жабайы аңдарды көру. Шетелдіктер палатка құрып, жабайы табиғаттың ортасында қаладан, жұмыстан, әлеуметтік желіден тынығу мақсатымен келеді. Экологиялық туризмдегі үлкен мәселе осыдан басталды.
Бүгінде Бозжыра шатқалындағы қонақүйдің салынуы, оған миллиондаған қаржының жұмсалуы – үлкен проблеманың бірі. Себебі Бозжыра шатқалының өте керемет ландшафты бар, оны тек қазақстандықтар емес, бүкіл әлем туристері келіп көреді. Олар үшін Бозжыраның түбінде бес жұлдызды қонақүйде жату қызық емес. Оларға баяғы көшпенділердің өмірін көру, олар мекен еткен сайын далаға бару қызық.
Бозжыраның ерекше табиғатын сақтап қалғымыз келсе, оны Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының құрамына қосуымыз керек. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамаға сәйкес, кез келген мемлекеттік қорықтың аумағында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Бұл өз кезегінде жерді бизнеске ұзақ мерзімге қолдануға беруге тыйым болады. Екіншіден, ерекше қорғалатын табиғи аумақ болса, қорық инспекторлары қауіпсіздік пен тазалықты қамтамасыз етер еді. Негізі Бозжыра маңындағы елді мекендерге көп көңіл бөлу керек. Сол мекендердің инфрақұрылымы дамитын болса, сонда облысқа пайда келеді.
Бозжыра маңында «Қызыл кітапқа» енген, сирек кездесетін үстірт ешкісі, құландар, қарақұйрықтар мен жабайы мысықтар көп жүреді. Олардың бәрін сақтап қалу керек. Елімізде мекендейтін жабайы жануарларымызды сақтап қалу үшін ешқандай құрылыс жұмысы жүрмеуі керек.
Мына Үстіртте кезінде алабарыс, қабылан мекен еткен. 2018 жылдан бері бірнеше рет осы аймаққа Түрікменстаннан алдыңғы азиялық алабарыс (леопард) кірді. Жақында ғана видео қақпанға түсті. Міне, осы алабарыс секілді сирек кездесетін аңдарды сақтап қалу үшін Бозжырада құрылыс жұмыстары жүрмеуі керек. Себебі Бозжыраға дейін осындай сирек кездесетін жануарлар қоныс аударады. Қайта қорық құрамына қосып, осындай сирек кездесетін аңдар санын көбейтіп, сол аумақты сафари паркке айналдырсақ, Маңғыстау өңірінің туризм саласы теңдессіз болар болар еді.