Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деген болатын.
Абай қазақтың әр баласын азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты пайымның, отаншылдық патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан жастарымыз көзі ашық, көкірегі ояу болсын десек, Абайды түсініп оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпағаны жөн.
Ұлы Абайға арналған ірі шаралардың қатарында Педогогикалық ғылымдар академиясы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының ұйымдастыруымен заманауи әдебиет пен журналистиканы кеңінен насихаттау, жас жазушылар мен ақындардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар мен байқаулар қатарында республикалық жас ақындар мүшайрасының өңірлік іріктеу туры өтті.
Маңғыстау облысы бойынша ақындар мен жазушылардың қатысуымен өткен мүшайраға 30 үміткер қатысты. Абай Құнанбайұлының сол замандағы ішкі жан-күйін сезінген қатысушылардың арасынан үздіктерді іріктеп алу қиынға соқты. Әділ қазылар Yessenov University профессоры, әдебиеттанушы ғалым, «Абайтану» пәнінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Әділет Қабылов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы, ақын, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Бақтыбай Жайлау үміткерлердің ақындық қабілетіне, жазу стиліндегі сауаттылық пен ерекшелікке аса мән бере отырып, өлеңдердегі ойлары тұнық, мазмұны терең, тілі құнарлы, көркемдігі жоғары болуын қадағалап, Абай тұлғасын асқақтата жырлауды басты назарда ұстады.
Заманында қазақ қоғамының батыл сыншысы бола білген ойшыл ақын Абай атасына өлең арнай отырып, бүгінгі заман мәселелерін де байланыстыра жырлаған жастар саны жетерлік. Әсіресе, Ақтау қаласы, Түпқараған ауданы, Жаңаөзен қаласының колледж студенттері мен Yessenov University білім алушылары айрықша назар аудартты. Орын саны шектеулі болғандықтан ғана үш үміткер іріктеп алынған еді. Шохаев Мұстафаның «Абай сөзі – Абай шыңы ар деген»; Дүйсенов Наурызбектің «Абайға арнау»; Орынбасаров Азаматтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Абай»атты шығармалары дараланып, іріктеу турынан өтіп, республикалық додаға жолданды.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ұйымдастыру алқасы осы мүшәйраға еліміздің әр өңірінен қатысып жатқан жас ақындардың жақсы өлеңдерін жинап, топтастырып, кітап етіп шығарса, Абай ақынның 175 жылдығына қосылған зор үлес болар еді.
Ақмарал ОТАРОВА,
Yessenov University Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі,
Маңғыстау облысының өңірлік ұйымдастырушысы.