Маңғыстаулық полицейлер әлеуметтік желіде видеосы тарап кеткен ит таласын ұйымдастырушыларды тапты. Маңғыстау облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол Жаңаөзен қаласының тұрғыны болып шықты.
«17 қазанда ол Мұнайлы ауданының Батыр ауылында ит таластыру турнирін ұйымдастырып, оған барлық танысын жинаған. Келесі күні ұйымдастырушы ит таласының видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Ол ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша карантин режимін сақтау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал шешім шығару үшін Мұнайлы ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», - делінген хабарламада.
Содай-ақ аталған азамат ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 1-бөлігімен (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) жауапкершілікке тартылды.
«Маңғыстауда жаппай іс-шаралар ұйымдастыруға, әсіресе жануарларға қатыгездікпен қарауға тыйым салынған. Азаматтарды карантин режимін сақтауға шақырамын», - деді Маңғыстау облыстық полиция басшысы Жанарбек Бақтыбаев.