Кеше көпбалалы ардақты аналарға құрмет көрсетілді. Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай алтын құрсақты жандарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР-ның Президентінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №421 жарлығы бойынша 1 ана "Алтын алқа" және 3 ана "Күміс алқамен" марапатталды.
Қала әкімі өз құттықтауында Маңғыстау өңірінің республика бойынша туу көрсеткіші жөнінен көшбасшы аймақ екенін атап өтті.
Бүгінде Ақтауда 5830 көпбалалы ана тіркелген. Оның ішінде 1418 «алтын алқа», «күміс алқа» иегерлері тұрады.
«Ананың құдіреті шексіз. Оның алдында бүкіл әлем бас иеді» - деп тегін айтылмаса керек. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы әйел затын аса қатты қадірлейді. Ананың жанұядағы, тәрбие берудегі рөлі өте маңызды әрі көп еңбек етуді талап етеді. Алғашқы адамгершілік қасиеттерін – үлкендерді құрметтеу, ата-анаға және Отанға деген сүйіспеншілік секілді сезімдерін Ана ғана оята алады. Еңбектеріңіз үшін Сіздерге мың да бір алғыс айтамын», - деп құттықтауын жеткізді Нұрдәулет Қилыбай.
Іс-шара барысында ақ жарма тілектер айтылып, көпбалалы аналар алғыстарын жеткізді.