Президент «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғанын, Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аудара отырып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Ендігі жерде жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізу керектігін айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керектігін, Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізуді, 2021 жылдан бастап жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізу керектігін баса айтты.
Президент Жолдауында айтылған қоғамдық бақылау институттарының бірі – «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігімен бірлесе отырып «Жемқорлық біз үшін емес» атты кең ауқымды акциясын жариялағаны баршамызға мәлім.
Бұл іс-шараның басты мақсаты - мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік институттардың басшыларын адалдық пен ашықтық қағидаттарын ұстануға шақыру. Осы акция арқылы басшылар өз қызметкерлерін қателіктерден сақтандыруы және заңдарды бұзбауы үшін назар аударуы қажет. Өйткені, әр басшы өзінің жеке жауапкершілігін түсінуі тиіс.
Акция аясында облыс, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары халық алдында өз қызметінің ашықтығын көрсетіп, жалақы туралы ақпарат жариялауы тиіс және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат беріп, өз ұсыныстарын енгізу қажет.
Акция нәтижелері бойынша «Маңғыстау - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тарапынан барлық қалалар мен аудан әкімдерінің ашықтығына және олар халықтың жан-айқайын қаншалықты ескеретініне баға беріледі.
Айта кетейік, аталған акция 9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне дейін жалғасатын болады.
Дайрабай ҮСІПБАЕВ,
«Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі