Кеше облыс әкімі Серікбай Трұмов, Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов және бір топ ақсақалдар Бекет атаның 270 жылдығы аясында Оғландыдағы Бекет ата мешітіне барып зиярат етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар барысында Бекет атаға баратын жолдың құрылысы жөнінде «Ақжол құрылыс» компаниясының өкілі баяндады. Ата жолының құрылысы 2017 жылы басталып, екі кезеңмен жүргізіліп 2020 жылдың тамыз айында аяқталған. Төселген 97 шақырым жол 4-ші санатты жолға яғни халықаралық стандартқа сай жасалған.
Дәстүр бойынша, ауыл ақсақалдары алдымен Бекет атаның тәлімгері Шопан ата мешітіне аяқ басып, кейін Бекет Ата жерасты мешітіне барды. Екі мешіт арасындағы қашықтық 70 шақырым. Шопан-Ата Мешіті - Қызылсу жерінде орналасқан көне ескерткіштердің бірі. Мешіт жартас алқабынан ойылып жасалып, ғибадат орталығы ретінде пайдаланылған. Ескерткіш 12 бөлмеден тұрады. Әрбір бөлменің өзіндік мәні бар. Бүгінде онда реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, ауыз су тартылған.
Үстірт қыратының шекарасында орналасқан Бекет Ата мешітіне барған ауыл үлкендері қазақтың батыры ағартушы, сәулетші Бекет Мырзағұлұлы туралы естеліктер айтып, елдегі жағдай түзелгеннен кейін өз деңгейінде аталып өтетінін айтты.
Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов Пір Бекет Атаның 270 жылдық мерейтойын пандемияға байланысты кейінге шегерілгенін айтты.
«Бекет Атаның 270 жылдығы өте маңызды дата. Әлемде орын алған жағдайға байланысты аталып өту кейінге қалдырылып отыр. Атамыздың жан-жақты қырларын және ерекше қасиеттерін насихаттау мақсатында алдағы аптада Ш.Есенов атындағы университетте онлайн конференция ұйымдастырылып жатыр», - деді бас имам.