Ұрпақ тәрбиесі — өмірлік тақырып. Саналы тәрбие мен сапалы білімге ие ұрпақ қалыптастырудың ауыр жүгін ата-анадан кейін ұстаз көтерері хақ. Жарты күнін, кейде одан да ұзағырақ уақытын мектепте өткізетін бала жанын ұстаздың да ұстазы, мамандығын жанымен сүйіп, адал атқаратын педагог қана түсінеді. Баланың ғұмырына азық болар блім де сондай ұстаздан. Мұғалімнің бойында болуы тиіс ізгі қасиеттердің барлығы тал бойына тоғысқан тәлімгерлерге кенде емеспіз, шүкір. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан өзінің білімі мен тәжірибесін болашақ үшін сарп етіп жүрген Зита Зейнелқызы да осындай майталмандардың бірі.
Оның да аталары қылышынан қан тамған қызыл империя қыспағынан әулеті мен ділін, тілі мен дінін сақтап қалу үшін ел ауып кетіп, түрікмен жерін мекендеп қалған-ды. Мары облысының Байрамалы қаласына қарасты Равнина совхозында, елдегі қазақ зиялыларының бірі Зейнел заңгердің отбасында дүниеге келді. Сол заманда қазақтар ең көп шоғырланған Балқан облысында қазақ мектептері бар да, бұлар тұрған маңда жоқ еді. Сол төңіректегі қазақ зиялылары бірігіп, қазақ тілді мектеп ашуға рұқсат алу үшін Мәскеуге аттанып, талай мекеменің табалдырығын тоздыра жүріп, ақыры мектеп ашылған болатын. Сол мектепті қырық жылдан астам уақыт бұрын ақ бантикті Зита қыз да бітіріп шыққан-ды.
Инабатты да білікті мұғалімдеріне еліктеген ол ата-анасымен ақылдасып, Чаржоу қаласындағы Ленин атындағы педагогикалық институттың «География» факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Қолына мұғалім дипломын алған Зита еңбек жолын өзі оқыған мектебінде бастауыш сыныптарды оқытудан бастады. Кейін Мары қаласындағы, Байрамалы ауданындағы мектептерде география, тарих пәндерінен сабақ берді, директордың орынбасары, директор лауазымдарын да абыроймен атқара білді.
Атақоныс Маңғыстауға отбасымен қоныс аударып келген Зита Жонова 2000 жылы «Дарын» гимназиясында экономика, тарих және география пәндерінен сабақ берді. «Болашақ» колледжінде, мұғалімдердің біліктілігін арыттыру институтында және Орталық Азия университетінде де ұстаздық қызметін жалғастырып, экология, география, физиология пәндерін оқытты. Ал 2003 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне жұмысқа орналасқан соң Зита апайдың жұмысын жандандырып, білім сапасын арттыра түсуіне зор мүмкіндіктер туды.
«Экология және өмір қауіпсіздігі», «Биология және география» кафедраларында жұмыс істеп жүргенінде-ақ ол студенттерді пәнді сүюге баулудың жаңа қыр-сырымен ерекшеленді. Студенттердің сабаққа белсенділігін арыттыруға, дербестікке баулуда педагогикалық, психологиялық жетістіктердің жаңа технологиясын тиімді пайдалана білді. Шәкірттерімен бірге ғылыми жұмыспен шұғылданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. «Табиғатты қорғау» қоғамының белсенді мүшесі ретінде экология бағытында да көптеген іс-шаралар өткізді. Мектепаралық ғылыми конференцияларға, ғылыми жұмыстарға белгілі алқа мүшесі ретінде жыл сайын қатысуды жауапты міндеті санайды.
Зита Зейнелқызының жетекшілігімен дайындалған студент Әйгерім Сұлтанованың «Антропогендік әсердің қоршаған ортаға зияны» атты жұмысы республика көлеміндегі «Дарын», ҚҒА-дағы ғылыми-практикалық конферецияда жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ апайдың өз кафедрасындағы биология мамандығы бойынша 3-курс студенті Жансая Санабаева Зита Зейнелқызының жетекшілігімен жазған «Каспий құбыжығы» ғылыми жұмысына республика көлемінде жүлделі орын берілді.
Апайдың көркем мінезі мен мол білімінен болар, студенттер де ол кісіге үйірсек келеді, барлығымен жақсы тіл табыса біледі. Оның «Маңғыстау аймағындағы туризмді дамыту жолдары» атты оқу әдістемелік құралы баспадан шыққан. Студенттер бастамасын қолдаған ол КМТжИУ-дың «Биология және география» кафедрасында «Жас Дәурен» жастар клубын ашып, тәрбиелік мәні зор көптеген шаралар өткізді.
Ұстаздың білім жолындағы еңбектері үнемі жоғары бағаланып, әр түрлі марапаттарға ие болды. Ұлағатты ұстаз бұл күнде өз еңбегінің бағасын шәкірттерінің алғысы деп біледі.
Зита апай университеттің дың көпсалалы колледжінде де абыроймен жұмыс жасап, сабақтарында интерактивті әдістер—проблемалық шығарма әдістері, презентациялар, пікірталастар, топпен жұмыс, миға шабуыл, сын тұрғысынан ойлау, викториналар, блиц-сұрақтарды тиімді қолдана білді. Шектеулі уақытта дұрыс шешім қабылдауға үйрету. ұқыптылыққа, ұжымдық еңбекке тәрбиелеу, информациялық білім беру секілді интербелсенді әдіс-тәсілдерді пайдалануы да нәтижелі болды.
Қазіргі педагогикалық технологияларды меңгерген, заман талабына сай білім беру үшін арнайы семинарлар мен курстардан өткен шығармашыл ұстаз еңбек етуден жалықпайды. Осы салада үздіксіз 48 жыл жұмыс жасап, мыңдаған жастардың алғысына бөленіп келе жатқан ардагер ұстаздың өз жұмысына деген жауапкершілігі өте жоғары.
Тағдырдың талайына тап болып, ұзақ жылдар төсек тартып жатқан жан жарын балаша бағып жүріп те жұмыстан қол үзбеді. Онысы аздай, азамат болған арыстай қос ұлы араға жыл салмастан бірінен соң бірі бақилық болғанында, «мұны әкесіне қалай естіртеміз?» деп, еңірегінде етегі толып, өзегі өртеніп отырған кездерін көзіміз көрді. Балаларының қазасынан кейін көп ұзамай отағасы да о дүниелік болған. Білімді де, білікті қайсар ана бордай езілмеді. «Алланың ісіне амал жоқ» деп, белді бекем буып, үлкен ұлдың артында қалған немерелері мен тұрмыстағы қыздарына шүкіршілік етіп, пешенесіне жазылған тауқыметтерге қайыспай қарсы тұрды. Жаны сүйген ұстаздығы бүкіл қайғысын аз уақытқа болса да ұмыттырар қызығы, қайғы азабынан құтқарушысы болды.
Ардагер ұстаз инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруде мұғалімнің кәсіби құзіреттілігін қалыптастыра отырып, жеке тұлғаға бағытталған білім беруді жан-жақты қарастыра білді. Оның ашық сабақтары мен әдістемелік нұсқаулықтары, мақалалары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым порталында жариялап отырады. USTUDY-Компьютерлік тест орталығында географиялық интелектуалдық сайыс өткізіп марапатқа ие болды.
КМТжИУ-да оқытушылардың еңбегін бағалаудың индикативтік жоспарын орындау туралы есебі цифрлік көрсеткішті енгізілгенінде кафедрада жоғары балл алып, жақсы деңгейге қол жеткізді. Еңбек бағытындағы цифрлік көрсеткіштің маңыздылығы еңбегі көрінбеген, еленбеген мұғалімдер үшін өте тамаша көрсеткіш болса, бір жағынын бәсекеге қабілеттілігі тексеріледі. Демек, жастармен тізе қосып бәсекелес жұмыс жасауы негізінде жоғары көрсеткіштерге жетіп отырғаны белгілі болғаны. Нәтижеде, компьютерлік деректер базасын құруға және рейтинг нәтижелерін жинап рейтинг жүргізу кезіндегі тәжірибесін талдау негізінде жалпы қортынды шығарылғаны кейбір ұстаздар үшін тиімді болған еді. Оның туризм және өлкетануға байланысты жарыққа шығарған көптеген әдістемелік оқу құралдары да бар.
Зита апайдың тынымсыз еңбегі ескерусіз қалып жатқан жоқ. Ол «Астана», «Орталық Азия», «МГТУ» университеттері әкімшілігінің, Маңғыстау облысының білім басқармасының Алғыс хаттарын, «Білім ТIMES» журналының Құрмет грамотасын, бірнеше сертификаттар иеленді. Ал биыл Қазақстан педогогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Үздік педагог-2020» байқауына ұсынған жұмыстары үздік деп танылып, «Үздік педагог -2020» төс белгісімен марапатталды.
«Оқу – инемен құдық қазғандай» демекші, жан-жақты,шығармашыл, ізденімпаз маман ғана табысты болып, нәтижеге жетеді. Жас ұрпақтың саналы да өрелі болып өсуі жақсы ана, жақсы әкемен қатар жақсы ұстазға да тікелей байланысты екендігі анық. 50 жылға жуық уақыттан бері жан-жақты білімді де саналы ұрпақ тәрбиелеумен келе жатқан ардагер ұстаз әлі де үйінде демалып жатқан жоқ. Ол қазір Мұнайлы ауданында биыл ашылған Smart ilim гимназия мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметінде. Мектеп директоры тұла бойы өнегеге тұнып тұрған ұстазды оның мол тәжірибесін тиімді пайдаланып, жас мұғалімдерге үлгі болсын және жаңа оқу орнының төрт аяғын тең басып кетуіне көмектесер деген ниетпен жұмысқа шақырған-ды. Тіл-көзден аулақ, көпті көрген ұлағатты ұстаз мұнда да жасын бұлдамай, жаратылысына біткен құлшыныспен жұмыс істеп жүр. Ал біз талай баланы асқақ армандарға қанаттандырған тәлімгер апаның әлі де жүздеген жасты жарқын болашаққа аттандыруына тілекшіміз.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА