Халықаралық қарттар күніне орай Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мерекелік шара өтті. Бұл мекеме 1 және 2-топтағы мүгедектердің, егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге қабілетсіз қарттардың уақытша немесе тұрақты тұруына арналған медициналық әлеуметтік орталық ретінде қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда орталықты 10 түрлі ұлт өкілдері – 91 адам паналаған. Олардың 47-сі зейнеткер, 44 -і мүгедектер санатында.
Мерейлі мерекеге орай орталықта «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығы» медициналық мекемесінің ұйытқы болуымен шахмат, шашка ойындарынан сайыс өткізіліп, жеңімпаздар арнайы сый-сияпаттарға ие болды. Сонымен қатар орталыққа арнайы мамандар шақырылып, мекеме тұрғындарына лор, хирург, көз дәрігері, эндокринолог мамандары медициналық қызмет түрлерін көрсетті.
Қарттар үйінде жыл басынан бері стационарлық жағдайда – 97, күндізгі бөлімде – 17, тұрмыстық зорлық-зомбылық бөлімінде 14 адамға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Бөлмелер тұрмысқа қажетті инвентарлармен жабдықталған. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай, ғимараттардың қауіпсіздігі, оның ішінде өртке қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған, автоматтандырылған сигнализациялар, бейнебақылау орналасқан.
Әлеуметтік мекеме күнделікті қызмет алушылар қажеттілігіне байланысты тасымалдайтын көлікпен де қамтылған екен. Сонымен қатар автокөлікпен қала бойынша саяхаттар – теңіз жағалауына, мешітке, шіркеуге, концерттерге және т.б. іс-шаралар да ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Штаттық кесте бойынша терапевт, неврапотолог, кардиолог, психиатр, уролог, кардиолог мамандар қызмет көрсетеді. Күнде дәрігерлердің нұсқауымен қимыл-қозғалыс функцияларын қалпына келтіру мақсатында массаж, дене шынықтыру жаттығулары жүргізіледі.
Орталықта сондай-ақ қайтыс болған қарияны шығарып салу рәсімі оның діни наным-сенімі ескеріле отырып жүзеге асырылады екен. Биыл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус жұқтыру деңгейінің жоғарылауына байланысты дабыл қағып, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында елімізде енгізілген қосымша шектеулер мен эпидемияға қарсы шаралар осы орталықта та қабылданды. Мекемеде карантин режимі енгізіліп, қызмет алушылар мен қызметкерлерге әдістемелік нұсқаулықтар беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Орталыққа кіре берістен бастап санитарлық, карантиндік шаралар талапқа сай жасақталған. 6 сәуір – 25 мамыр аралығында мекеме толығымен карантинге жабылып, қызметкерлер де тәулік бойына ғимаратта қалдырылды. Мекеме мамандары қызмет алушы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау күшейтіліп, қосымша шектеулер енгізілгенін айтады. Мұнда сырттан қызметкерлерден бөгде адамдарға кіріп-шығуға тыйым салынған. Орталық қызметкерлері мен қызмет алушылар арнайы медициналық құрал-жабдықтармен, маскалармен толықтай қамтамасыз етілген.
Ертөре ЖҮСІП