Кеше Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен Маңғыстау облысында туризм саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жиында өңір инфрақұрылымын дамытудың өзекті мәселелері, ішкі туризмді дамытудың драйвері болып саналатын туризм саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру және қолдау көрсету, сондай-ақ туризм саласындағы мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды.
Аймақта Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Маңғыстау туристік аймағы» іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, 2018 жылы Елбасы Н.Назарбаев Ақтау заманауи теңіз курортына айналуы тиіс деген тапсырмасынан кейін, туризм дамуына аса зор көңіл бөлініп өңірдің инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстық инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тілеген Едігеевтің мәліметінше 2020 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысына сәйкес Туризм саласы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 67,0 млрд теңгені құраған. Әлемдік брендттердің қызығушылығын, мемлекеттің қолдауын сезінген жергілікті кәсіпкерлер «Жылы жағажай» аумағында инвестиция көлемі - 30,5 млрд. теңгені құрайтын жаңа 4 туристік жобаны іске асыруға кірісті. Олар:
- «Фламинго Резорт» демалыс базасын қайта құрылымдау.
- «Нұр» 5-жұлдызды көпфункционалды емдеу-диагностикалық және сауықтыру кешені құрылысы.
- «Assyl Aktau» термалды жылы суымен демалыс базасының құрылысы.
- «Seaside Palace» демалыс аймағының құрылысы.
Сонымен қатар, демалуға келген қонақтар тек қонақ үй аумағында қалып қоймай, өлкенің көз тартымды жерлерін, табиғатын, тарихи-мәдени, туристік жерлерін тамашалау үшін туристік маршруттар анықталды.
Олар:
1-ші - Қарақия ауданы бойынша «Бозжыра» шатқалы бағыты;
2-ші - Түпқараған ауданы бойынша – «Сартас» бағыты;
3-ші - Маңғыстау ауданы бойынша – «Көгез этноаулы» бағыты.
Сонымен қатар, жиында Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Хамиев «Жылы жағажай» және «Сарша» курорттық аймақтары бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Бүгінде Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағын электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес 1 кезекте 2020 жылы ПС-110/10кВ «База отдыха» қосалқы станциясындағы 1х2,5 МВА қуаттық трансформаторларын 2х16 МВА трансформаторларына ауыстырылып, ұзындығы 10,5 км 10кВ электр желісінің құрылысы аяқталды.
2 кезекте 2021 жылы оңтүстік бағытта ПС-110/10кВ «База отдыха» қосалқы станциясынан ұзындығы 10,3 км 10 кВ электр желісі салынады.
Ақтау қаласының «Жылы жағажай» ауданындағы теңіз курорттық аймағының сумен, газбен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Сумен жабдықтау бойынша жобада жалпы ұзындығы 56 шақырым су құбырылары желісінің және 65 құдықтың құрылысын салу қарастырылған. Бүгінгі күні 48 шақырымына траншея қазу жүргізілді, 48 шақырымына су құбыры желісі жүргізілді. Газбен жабдықтау бойынша бүгінгі күні 58 шақырым газ құбыры жүргізілді, 60 км – қолданыстағы 10,5 шақырым газ құбыры бөлшектеніп алынды. Қазіргі таңда, ПГБ орнату және Шора су каналынан өту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, жиында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұралханов Елбасы Н.Назарбаев Ақтау қаласынан Каспий теңізінің жағалауы бойындағы Құрық паром кешеніне дейінгі учаскедегі теңіз курортын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес қолға алынған жұмыстарды баяндады. Жобаға сәйкес теңіз жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы құны 17,8 млрд. теңгені құрайтын 70,8 шақырымды қамтитын 5 жоба жасақталды. Бүгінгі таңда жалпы құны 11,2 млрд. теңгені құрайтын үш жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жиын соңында облыс әкімі С.Трұмов өңірдегі туризм саласын дамыту туралы жоғарыдағы талқыланған өзекті мәселелер, ұсыныстар мен ескертулер бойынша мүдделі басқармалар мен мекемелерге және аудан/қала әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, өңірдің туризм саласын дамытудың Жол картасын жасақтауды тапсырды. Тапсырмалардың мерзімінде орындалуы мен іске асырылуы облыс әкімінің жеке қадағалауында болмақ.
Сонымен қатар, 27 қыркүйек - Бүкіләлемдік Туристік Ұйымымен Бүкілдүниежүзілік туризм күніне орай пандемия кезінде барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, жұмыс жасап, өңірге келген медицина қызметкерлерінен 478 адамның жайлы тұруына қолдау көрсеткен Ақтау қаласының 6 қонақ үйі, сонымен бірге, туристік жобаларын жоспарлы мерзімінде жүзеге асырып, жаңа объектілерді іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашқан 2 қонақ үй кешеніне облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН