Ақтауда 103 аялдаманы күтіп ұстау мақсатында жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның 72-сі түрлі түске сырланып, боялды. Бұл туралы Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашев мәлім етті. Оның айтуынша, алдағы уақытта 68 аялдама жаңартылып, жабдықталады деп жоспарланған.
«Жалпы орталық көшелердегі аялдамаларды толықтай жабдықтау мақсатында «Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ-сі арқылы сауда-саттыққа (аукцион) шығарылды. Аталған сауда-саттық биыл 24 дана аялдаманың жер учаскелері жеке кәсіпкерлерге берілді. Нәтижесінде заманауи үлгіде 4 аялдама (лайтбокс) және 3 аялдама мобильді павильонмен орнатылды. Олар 11 шағынаудан 38 үйдің алды, 11 шағынаудан «Жас Дәурен» мейрамханасының алды, 7 шағынаудан «Мәңгілік Алау» монументі, 27 шағынаудан 72 үйдің арты және басқа да жерлерге орнатылды. Шаһарда тағы осындай (лайтбокс, мобильді павильонмен) 12 аялдама қойылады. Жаңа аялдамаларда жарнамаға арналған стенд, қоқыс контейнерлері мен орындықтардың қоюға орын қарастырылған. Сондай-ақ, 5 ескі аялдама толықтай сүріліп, жаңасы орнатылады», деді Жетібай Құбашев.
Ақтау қаласы бойынша барлығы 194 аялдама бар. Оның 82-і толықтай жабдықталған (қоршалған, отырғышы бар, қоқыс жәшігі қойылған), ал 44-і мобильді павильонмен орналасқан аялдама.
«Сонымен қатар, аялдамаларды жабдықтау мақсатында «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі тарапынан биыл 20 аялдаманы жабдықтау бойынша бюджеттен қаражат сұратылды. Болашақта бюджеттен қаражат бөлінуіне орай аялдамалар кезең-кезеңімен жабдықталады. Бірінші кезекте халық көп шоғырланатын аумақ аялдамалары жабдықталатын болады. Бір аялдаманың құны жобамен 3-3,5 млн теңгені құрайды», - деді бөлім басшысы.