Қазіргі Құрық аулында өткен ғасырдан бастап жер ыңғайына қарай қоныстанушылар көшіп келіп, қоныстана бастаған. Каспий теңізінің осы бір тұсында сол кезде көпес Захар Дубскийдің балық аулайтын айлағы мен кәсіпшілігі орналасқан. Көшіп келушілер осы көпеске жалданып, балық аулаумен, мал бағумен шұғылданған. Қазіргі Құрық аулының негізі әріден басталса да ресми атауға 1963 жылы ие болған.
Қазіргі қоғамда рухани, әдеби және мәдени мәселелерге ерекше көңіл бөліну қажеттігі туындап отыр. Өз туған еліңнің, туған жеріңнің патриоты болу үшін алдымен туған өлкенің бай әдеби мұрасымен сусындау қажет. Оның үшін алдымен өзің өскен ортаның талантты қаламгерлерінің туындыларымен танысу, оларды өмір бойы рухани азық ету – «туған жер азаматымын» деген әрбір патриоттың міндеті болуы керек. Біз Құрық аулынан шыққан қаламгерлерді әдебиетке сіңірген еңбектеріне, қалам қарымына қарай іріктеп алып, олардың өмірі мен шығармашылығына көз жүгірте отырып, әңгімелейтін боламыз.
Қазіргі заманда еліміз тәуелсіздік алып, рухани өсуімізге, кемелденуімізге ерекше жағдай жасалып отырғанда, оның үстіне әртүрлі жаһандық көзқарастардың белең алып тұрған кезінде өзіміздің туған жеріміздің қаламгерлерін тануға бет бұра бастадық. Осы мақсатпен «Құрықтан шыққан қаламгерлердің өзіндік орнын ұрпаққа таныту, өз туған жерінің рухани байлығын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың өнегелі істерінен үлгі алуға бағыттау қажет» деп есептейміз. Оның үстіне қазіргі әдебиетімізге назар аударсақ, Құрықтан шыққан қаламгерлердің көбі осы бір үлкен мұхитқа өз үлестерін қосып, үлгергендері де баршылық. Бұл дегеніңіз өз кезегінде қазақ әдебиетінің баюына, тілдік қолданыстарымыздың кеңеюіне ықпал етеді.
Осындай айтулы тұлғаларымыздың ішінде ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, сұңғыла саясаткер, қайыспас қоғам қайраткерінің бірі - Өмірзақ Озғанбай.
Ол Қарақия ауданының орталығы – Құрық селосында 1941 жылы дүниеге келді. Саналы өмірін білім беру ісіне арнаған ол қолынан қаламын тастамай, ғылымға да көңіл бөлді, әлемді аралап, түйдекті ойларын айтуға да уақыт тапты. Қазір ол педагогика ғылымдарының кандидаты, тарих, философия ғылымдарының докторы, академик. Оның 200-дей ғылыми-танымдық мақалалары мен 22 кітабының жарық көруі бұл сөзіміздің айқын да дәйекті дәлелі бола алады.
Оның «Дәуір бел-белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Атамекен хикаялары», «Көкжиек», «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Келбет», «Рухы биік тұлға», «Қайраткер Алпысбай Қалменов», «Халық комиссары», «Күннің шығысындағы ел», «Атан қомынан атом заманына дейін», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», т.б. кітаптары бар.
Өмірзақ Озғанбай «Құрмет» орденімен, 8 медальмен, «Қазақстанның еңбек сіңірген құрметті қайраткері», Түрікменстан, Қазақстан, «КСРО білім беру ісінің үздігі» төс белгілерімен, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медальмен, АҚШ, Ақтау қаласы және Қарақия ауданының құрметті азаматы атақтарымен, құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен марапатталған.
Құрықтан шыққан қаламгерлер ішінде Ермек Әмірханұлы Аманшаевтың орны ерекше. Өйткені ол – елімізге танымал жазушы, драматург. Ермек Әмірханұлы Аманшаев 1963 жылы Құрық ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы орта мектепте оқыды. 1985 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың филология факультетін бітіреді.
Ол – Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының, театр қайраткерлері қоғамының мүшесі, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.
Оның «Үзілген бесік жыры» пьесасы М.Әуезов атындағы театрда, «Қыр астындағы бір ғажайып әлем» драмасы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрында қойылған. Ермек Әмірханұлының бұдан басқа «Қыр астындағы сол ғажайып әлем», «Жұлдыздарда бір сыр бар» атты пьесалары бар. «Албасты туралы аңыз», «Мен Абайды әке дер ем», «М.Әуезов» атты деректі және көркем фильмдердің авторы. Ермек Әмірханұлы аударма саласында да біршама еңбек етті. Сириялық драматург С.Ваннустың «Сұлтан болсам егер мен» атты пьесасын, Ф.Кафканың шығармаларын қазақшаға аударды.
Осындай Құрық ауылында дүниеге келіп, қазақ ғылымының өркендеуіне ерекше үлес қосқан азамат-қаламгердің бірі – Cерікбол Әділбекұлы Қондыбаев. Ол 1968 жылы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылында дүниеге келген. Ол – өлкетанушы, географ. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геоморфолог (жер бедерін зерттеуші) мамандығы бойынша бітірген. Cерікбол Әділбекұлы Қондыбаев байырғы қазақ шежіресі мен әпсана аңыздары, мифогеографиясынан мәліметтер жинап, ғылыми айналымға түсірді.
Құрықтан шыққан қаламгерлердің ішіндегі тағы бір аяулы тұлғалардың бірі – Ізтұрған Ахметов. Ол 1947 жылдың 20 маусымы күні дүниеге келген. Құрық аулындағы орталау мектепті аяқтап, өндірісте жұмысшы болып істейді. Кейін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді.
Ізтұрған Ахметовтың артында өнегелі істерімен қатар мол шығармашылық жұмыстары да қалды. Ол қарымды журналист есебінде көсемсөзге де, жазушы ретінде әңгіме, фельетондар жазуға да, тіпті сатира жанрында да қалам қарымын таныта алды.
Ізтұрған Ахметовтің баспасөз беттеріне шыққан, әсіресе өзі істеген аудандық «Түлеген түбек», облыстық «Маңғыстау» газеттерінде үнемі жарияланып тұрған шырайлы шығармаларын жинастырып, кітап қылып бастыру – ұрпақ парызы болмақ. Ендігі сөз еткелі отырған қаламгер Ерсайын Қалмұқанұлы Ақышбай да 1965 жылы Құрық ауылында дүниеге келген. Осындағы №1 орта мектепті 1982 жылы бітірген соң Алматының индустриялық техникумында оқиды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, басынан ауыр жарақат алып, елге келеді. Ақтау педколледжін, Атырауда жоғары білім алып шығады. Содан соң аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет істейді. Бірақ ауыр науқасқа ұшырап, жасы отыздан асқанда дүниеден озады.
Ерсайын Ақышбайдың «Қанша өмірім қалды екен?..» деген атпен Алматыдағы «Қазақпарат» баспасынан 2014 жылы кітабы жарық көрді. Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірі «Жазады өлең жарамды» деп аталса, екіншісі «Мырза шағы тағдырдың» деп аталған. Қиын тағдырдың құрсауында өткен Ерсайынның өмірі де, өлеңдері де өкінішке тола болса да өнегесі көпшіліктің жүрегіне нұр құяр шамшырақтай жарқырай беретініне сенеміз.
Біз жоғарыда тек қана Құрық аулынан шыққан қаламгерлерді сөз еттік. Әлі де іздене берсеңіз, екшей берсеңіз, Құрық аулының таланттан кенде емес екеніне көзіңіз әбден жетеді. Біз «Сөз қадірін біледі-ау» деген үлкен кісілермен сөйлескенімізде аулымызда Бақтыгүл Ахметова, Қуаныш Бейнеуұлы Төлеуов деген ақындардың да өмір сүргенін естідік. Олар туралы уақыттың тығыздығынан және мәліметіміз бен ақпаратымыздың аздығынан тоқтала алмағанымызға қынжылдық. Біз алдағы уақыттарда олар туралы мәліметтерді жинақтай беруге талаптана береміз. Сондай-ақ алты алашқа аты мәлім, ақиық ақынымыз Светқали Нұржан да осы ауылда тұрып, қызмет еткен. Оның қазақ әдебиетіне қосқан көп өлеңдерінің осы ауылда жазылғанына күмән жоқ.
Келешекте зерделеу аясын кеңейте отырып, жергілікті қаламгерлерді көпшілікке таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Академик Зейнолла Қабдолов «Әдебиет – ардың ісі» демекші, «Әдебиет ұлтымыздың ары мен намысын қорғайтын ұлы қорған екенін түсінетін ұрпақ қалыптасса» деген зор тілекпен бұл жұмысты қолға алып, алға дамыта беруге бекіндік.
Садуақас Абдынасырұлы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі