Мен эко-волонтерлікпен 2003 жылдан бері айналысып келемін. Алғаш назарымды аударған аймақ – Маңғыстаудағы Қаракөл көлі. 2016 жылдан бастап жыл сайын Ақтау маңындағы Қаракөл көлінде жастардың Солтүстік жарты шардағы қатпайтын су айдындарында суда жүзетін және су маңындағы құстардың Халықаралық қысқы есебіне қатысуын ұйымдастырып жүрмін. Синхронды есеп ғаламдық қауіп төндіретін құс түрлерінің санын объективті бағалауға және оны сақтау бойынша қажетті шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының бірі ретінде Қаракөл көлін санитарлық тазалау бойынша экологиялық акцияларды, соның ішінде «Саябақтар маршы» халықаралық табиғат қорғау акциясы аясында өткізуді дәстүрге айналдырдым.
Ақбөкен мүйізі – қаскөйлердің қызығушылығын тудыратын нәрсе. Сондықтан ақбөкен мүйізін заңсыз сатуға қарсы ауқымды ақпараттық кампанияларды ұйымдастырып, Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне номинациялауды қолдауды – азаматтық парызым деп білемін. Бұл акцияларға жалпы алғанда 3 мыңнан астам адам қатысты, негізінен оқушылар мен студенттер.
Қазір жасанды Қаракөл көліне халықаралық мәртебе беру туралы бастаманы көтерудемін. Бүгінгі таңда Қазақстанда халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың 10 нысаны бар, жалпы ауданы – 3 281 398 га. Орталық Азиядағы Рамсар конвенциясының қағидаттарын ілгерілету үшін бес ел – Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Тәжікстан арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды күшейту арқылы 2016 жылы Орталық Азияның Рамсар өңірлік бастамасы құрылды.
Рамсар тізіміне енгізілген жағдайда Қаракөл көлі дүние жүзі бойынша «бердвочер» (құстарды бақылаушы) туристер үшін танымал болып, Маңғыстауда экотуризм саласының дамуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Туристердің Қаракөлге жиі келіп тұруы, олармен бірге Үстірт қорығы инспекторларының болуы браконьерлік пен «жабайы» туризмге жол берілмеуіне жағдай туғызады. Сонымен қатар өңірдегі Ш.Есенов университетінің биолог және эколог студенттері мен туризм колледжінің студенттері үшін ашық аспан астындағы зертханаға айналып, мектеп оқушылары үшін биология, география және экология пәндері бойынша оқу экскурсия нысаны бола алады.
Осы бастама аясында Қаракөлдің мәртебесін арттыру үшін үлкен аумақты экспресс-бағалау жұмыстарын жүргіздік. Бізге кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі ең беделді ғалым-орнитологтардың бірі, РРИ-ОА үйлестіру комитетінің төрағасы, профессор Эльдар Рустамов баға жетпес консультациялық көмек көрсетті.
Әділбек ҚОЗЫБАҚОВ,
биолог, Маңғыстау облысы бойынша эко-амбассадор