Өмірімнің қырық бес жылын өткізген Бесқала өңірінде екі-ақ адамғаарнау өлең арнаппын:бірі − елу алты жасында бақилық болып кеткен әкеме, екіншісі – Бесқала қазақтарының қара нарындай болған Құтмағамбет ағаға.
Әуелгісі он жеті жасымда, арман сапарына балапан құстай енді талпынған шағымда,аяқ астынан келген әке қазасына арналған, жүректен еріксіз тамып түскен бұла жырым еді.Кейінгісін арадан он бір жыл өткен соң, Құтмағамбет ағаға арнаппын. Әрине, таныса сала қалам-қағазға жармасқаным жоқ, араласа келе ұлтжандылығына, азаматтығына тәнті болғандықтан еріксіз қолыма қалам ұстадым.
Мен Құтекеңмен 90 жылдардың басында Нөкіс қаласында таныстым. Ол кезде Құтекең орда бұзар отыздың үстінде, менің жиырма беске енді келген жас жігіт шағым. Сұраса келе, екеуміздің де аталарымыз жаз жайлауы, қыс қыстауы бір − жамағайын адамдар болып шықты. Бірақ біздің етене араласуымызға себепші болған бұл емес, рухани жақындығымыз еді.
Жасыратыны жоқ, бұл аймақтағы қандастарымыздың арасынан республиканы, аудандарды басқарған біраз азаматтар шықты, Бесқала жыраулық мектебі үзілмей біздің заманымызға дейін жетті, ауыз әдебиетінің небір інжу-маржандары осы өңірде сақталды, бірақ қазақ руханияты үшін,әдебиеті мен өнері үшін басын бәйгеге тіккен бір рухани жетекшішыға қойған жоқ еді. Шығуға мұмкіндік те жоқ еді. 90 жылдардың басындағы, әуелі Алланың, одан соң егемендіктің арқасында Құтмағамбет Қонысбайдың Бесқала өңіріндегі қазақ руханиятына,өнеріне,әдебиетіне сіңірген қыруар еңбегін әсте ұмытуға болмас. Ел арасындағы таланттарды тауып, халықаралық айтыстарға, дүбірлі додаларға жіберіп,таланттарын шыңдады.
Құтмағамбат ағаның арқасында Ақтау, Ташкент қалаларындағы ірі айтыстарға қатысып,бағымды сынап, алты алашқа танымал ақындардың алдын көріп қайтуымның өзі менің өміріме үлкен бетбұрыс әкелді деп айта аламын.Ұлттың руханиятын қорғау үшін тек ұлтжандылық, шешендік аздық қылады, сонымен қатар кісімен мәмлеге келетін жақсы мінез, ретті жерінде ешкімнен тайсалмайтын батылдық, парасаттылық, жігерлілік, табандылық керек ғой. Осының бәрі де ол кісінің бойынан табылды.
Әйтпесе, Қарақалпақстанда екі рет халықаралық ақындар айтысын өткізу қиынның қиыны екенін біреу түсінер, біреу түсінбес. Әйтпесе бұрын-соңды айтыс өтіп, айтыскер ақындар көріне қоймаған жерде еларалық деңгейде айтыс өткізу қайдан оңай болсын.
Құтекең ұйымдастырған бірінші айтыс 1992 жылдың қазан айында Нөкіс қаласында өтті. Бердақ атындағы кинотеатрдың мың адамдық залында ине шаншар орын жоқ.Халық ұзақ қол шапалақтап, айтыстың басталуын тағатсыздана күтіп отырды.
Кенет айтыстың ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Құтмағамбет Қонысбай сахнаға шығып, қолындағы домбырасын күмбір-күмбір қағып жіберіп, халыққа, ақындарға арнаған арнауын бастап кетті:
...Өз атым атам қойған Құт-Мұхаммед,
Халқымнан көріп жүрмін қадір-құрмет.
Заманда қазіргідей алмағайып-ей,
Мойнымда мың сан жүк бар қаншама пұт, қаншама пұт-ай!
Көтерсем деймін бәрін қайыспастан,
Иіліп тал шыбықтай майыспастан.
«Иә, аруақ!» деген бабаларым-ей,
Қолдай гөр, балаңызды сынамастан, сынамастан-ай!
Үйренсем қазағымның тілін деймін,
Қорғасам ұлан-байтақ жерін деймін.
Асырып алты әлемге жақсылығын-ей,
Жырласам тек бақытты күнін деймін, күнін деймін-ай!
Арманым емес бұл тек менің ғана,
Ботадай боздап өтті қанша аға.
Еркіндік,тәуелсіздік талаптарын-ей,
Жаңғыртып өткен жоқ па ата-баба, ата-баба-ай! − деп екпіндете жыр төгіп, әсіресе, орнынан ұшып тұрып, «Иә, аруақ!»деп ұрандата жөнелгенде, халықтың делебесі қозып, залдың іші «қиқуға» толып кетті.Несін жасырайын,маған бұл көрініс бейне Құтмағамбет-сардар бір түмен әскермен ұлт рухын қорғауға бара жатқандай әсер қалдырды. Халқының алдында ағынан жарылған аға арнауынан асқақ арманын, мұң-шерін есіткендей болдым.
Нөкістегі халықаралық айтыс осындай биік рухпен басталған еді. Бұл айтысқа Маңғыстаулық өнерпаздар да қатысты. Оларды сол кездегі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сағидолла Төленов пен Маңғыстаудың марғасқасы атанған ақын Сабыр Адай бастап барды.Сол жыр додасында суырып салып, түйдек-түйдегімен жыр төккен арқалы ақын Сабырдың жүзден озған жүйріктей суырылып алға шығып, өзіне бас бәйге есебінде берілген қомақты ақшадан бас тартып, «Жаңа құрылып жатқан осындағы Қазақ ұлттық-мәдени орталығынақосқан үлесім, соны құрған жігіттерге мінгізген атым болсын» деп тастап кеткен мәрттігіне бесқалалықтар риза болған еді.
Сонымен қатар, бұл айтысқа Жетісайдан жыршылар,МырзашөлденБөрібай Оразымбетов,Қарақалпақстаннан Айтбай Айтжанов, ҚабылбайҰлықпанов, Амангелді Бұғабаев сияқты ақындар қатысып, басқа да көптеген әнші-термеші, күйшілер айтыстың көрігін қыздырып, Нөкіс аспанында қазақ әні қалықтаған бір тамаша кеш болып еді.
Сол жылдары Құтмағамбет Қонысбай Маңғыстау мен Қарақалпақстан қазақтарының арасында мәдени байланыс орнатуға көп еңбек сіңірді. Арнайы Ақтау қаласына барып,ондағы ұлт зиялыларымен, ақын-жазушы, журналистермен етене араласып,екі өңір арасындағы көне сүрлеудей үзілуге шақ қалған мәдени байланысты қайта жаңғыртты.
1993 жылы тағы да Құтмағамбет Қонысбайдың ұйымдастыруымен Нөкісте, Хожеліде, Қоңыратта айтыс,ақын-жазушыларменкездесулер өтіп, маңғыстаулық бауырларымызбен шұрқыраса қауыштық.Бұл жолғы ағайындарды тағы да Сағидолла Төленов пен қазақтың ғажайып ақыны Светқали Нұржан бастап барды. Сол жолы біртуар ақын Светқали Нұржанның бесқалалық қандастары арасындағы әдебиетке, поэзияға талабы бар жастарға бағыт-бағдар беріп, таланттарының маздап жануына ұшқын тастап кеткендігін сеніммен айта аламын.
Маңғыстаудан Қамбар Оразов,Жарас Көрпалиев,әскери борышын Ақтау қаласында өтеп жатқан қарағандылық Есенгелді Қабыкенов, Нұрлан есімді (фамилиясын ұмыттым, Қосымбаев Нұрлан емес) ақынның, Қарақалпақстаннан Айтбай Айтжанов,Жарас Нұралиев, Нұржамал деген айтыскерлер менақындар Рахмет Аяпбергенов,Ахмет Өмірзақтардың басын қосып, халқының алдында ақтарыла жыр оқытқызған тағы да осы-Құтмағамбет.
Ана бір жылдары «Қоғам Отан мүддесін қорғасын десек...»деген тақырыппен өзі басқарып отырған «Достық үні»газетінің үш бетін алған Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовке арнаған Ашық хатын жариялап, ұлт мүддесі үшін басын бәйгеге тігуге дейін барды.Құтекеңнің Ашық хатынан Қарақалпақстан қазақтарының жан айқайы естіліп тұрды. Баяғы найза ұстаған аталарының қаны тамырында ойнаған жолбарыс жүректі азамат осындай нартәуекелге барып, ұлт мүддесінжалаулата білді. Осы азаматтығына, осы ерлігіне риза болған мен ағаға еріксіз өлең арнадым.
Құтмағамбетке хат
Арғы бабаң Сарыбас батыр болған,
Бергі бабаң Ерімбет ақын болған.
Сол шалдардың әруағы желеп-жебеп,
Һәр ісіңнің тәңірім сәтін салған.
Бес саусақтың Бесқала саласындай,
Қазағының келед деп бағы ашылмай,
Арыстанға айттың сен арманыңды,
Айдарыңнан сипайтын нағашыңдай.
Айдарыңнан сипайтын жан бар ма екен,
Заңғар көкем,аздаған аңғал көкем.
Қазалыға, қайтейін,алыс болды,
Ата-бабаң қоныс қып алған мекен.
Елдің жүгі тұрса да жонарқаңда,
Туған жерге өгейсің шараң бар ма!?
Мың жылқыдан бір жетім тай бермейтін
Өгей өлке ұқсайды сараң шалға.
Құлақ түрсек бұрынғы көне аңызға,
Баяғы Әбілхайыр заманында, −
«Шетте жүріп қазаққа қорған бол!» деп,
Ханнан бұйрық келіпті бабамызға.
Содан біздің бабамыз шетке қонған,
Керуен тонап, өзі де көп тоналған.
Қалқан болып қазақтың құбыласына,
Кеудесіне сан мәрте оқ қадалған.
Қазақ жерін созып мың шақырымға,
Қызылқұмда домбығып аты құмда:
Шеттеп-шеттеп шегінтіп шекараны,
Шетте қалған өзі де ақырында...
Бабаларым ту ұстап,тұлпар мінді,
Жалаң тұсын халқымның қымтап жүрді.
Бұлт бүркеген бабамның айдай туы,
Бұлт астында маған да жыр жаздырды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз.Құтмағамбет Қонысбайдың халқына жасаған жақсылығын, талайларға тигізген шапағатын түгел қамти алмасақта,солардың кей тұсын тілге тиек ете отырып, Құтекеңнің өмірінің Маңғыстауға қатысты тұстары туралы да бір-екі ауыз айта кеткіміз келіп отыр.
Ол кісінің ең үлкен ісінің бірі − Бесқала өңірінде тұңғыш қазақтілді басылым − «Достық үні» газетін ашу болса, оның бірінші нөмірін Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында бастырған. Мен Маңғыстауға − атақты Ғани Мұратбаевтың 90 жылдығына орай өткізген айтысқа қатысуыма да (сонда мен үшінші орын алғам) ағамыздың себі тиген. Ал ол кісінің Қарақалпақстанда екі рет еларалық айтыс өткізген кезде де маңғыстаулық айтыскерлерді шақырып, қатыстырғанын жоғарыда айтып өттік. Оның себебі, Құтмағамбет ағамыздың 360 әулие шыққан қасиетті өлкенің ардақты азаматтарымен сыйлас екендігінде болса керек.
Маңғыстаудан түлеген қыран, қазақтың танымал ақындарының бірі, Светқали Нұржан ағамыз Құтекеңмен бірге КазГУ-де (қазіргі ҚазҰУ) қатар оқып, жастықтың жасыл бағын бірге аралаған азаматтар.
Жалынды шақта алғаусыз араласып, достасқан кісілердің бір-біріне деген құрметі ерекше болады ғой, Светқали ағамыз Құтмағамбет досы мерейлі жасқа толғанда оны әлеуметтік желіде былай деп өлеңмен құттықтапты:
Алпысың құтты болсын, Құтмағамбет,
Өзіңнен бұл қазақта мықты адам жоқ.
Шақтарды бірге өткіздік студенттік,
Айта алман «жалғыз грамм жұтпаған» деп.
Төртінші қабаттан да қарғып көріп,
Шыбығын шытынатпай шықты адам боп!
Өзінше шешеді ол барлық істі,
Сыртымен жүрсе-дағы құптаған боп...
Алыстан біз де сәлем жолдап қалдық:
«Отаның аман болсын, құтханаң!» деп...
Ақындар лайықтыны ғана сыйлап, жыр төгетінін ескерсек, Светқали Нұржан да осы он жолдық жырымен досының бүкіл болмысын ашқан деп айтуға болады. Демек, «Өзіңнен бұл қазақта мықты адам жоқ» деген сөз жайдан жай айтыла салмаған. Шынына келген, өткен ғасырда Бесқалада ел қамы үшін белсеніп, халқы үшін аянбай еңбек етуі − қазақта ондай мықты адамдардың аз екенін байқатқан. Сондықтан біз де ақын ағамыздың уәжіне тоқтап, ағамызға алдағы кезде де сол қалпыңыздан таймаңыз, қазағыңыз үшін ізігілік жолында тер төге беріңіз дегім келеді.
Мақсат ӘЛСЕЙІТОВ