Бұл туралы өңірлік қоғамдық коммуникация орталығында өткен жиында Маңғыстау облысы бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ мәлімдеді.
Аталған департаментке Жаңаөзен қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымының қызметкері сенім телефоны арқылы хабарласып, өзін функционалдық міндетінен тыс жұмыстарға жұмсайтындығы жөнінде шағымданған. Бұл мәселеге құзырлы мекеме өкілдерінің араласуымен шағым қанағаттандырылды.
«Пандемия кезінде Facebook әлеуметтік парақшасына 8 сауал келіп түсті, оның 6-ы ата-аналардан, 2-і педагогтардан. Онда жұмысқа орналасу, жалақы, Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын қайта бастауы туралы мәселелері қозғалды. Сондай-ақ Telegram әлеуметтік парақшасына бірнеше педагогтен білім беру ұйымы есептілік талап ететіндігі, каникул, төтенше жағдай кезіндегі еңбек ақы және сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселелері жөнінде сауалдар түсті. Әлеуметтік желі арқылы түскен өтініштер мен сауалдарға толық жауап беріліп, қанағаттандырылды. Барлық постқа, жазылған пікірге, жолданған сауалға Департамент тарапынан мониторинг жүргізіліп отыр» - дейді Есболат Кеңғанұлы.
Оның айтуынша, педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу, мемлекеттік орта білім беру ұйымының педагогын өз кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тарту түрінде жасалған бұзушылықтар да тексеріске негіз болады.
Аталған нормаларды бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-шы бабына сәйкес бірінші кезекте ескерту жасалады, бір жыл ішінде тағы қайталанса 20-дан 120-ға дейінгі АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осыған қарамастан кейбір облыстарда әлі де педагогтерді мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына, мерзімді баспа басылымдарына жазылуға тарту тәжірибесі және өзге заңға қайшы тәжірибелер кездесіп отыр.
«Мысалы, инфекциямен күрес науқаны кезінде Түркістан облысының Түлкібас ауданы Жабағалы ауылының әкімшілігі мектеп мұғалімдерін санитарлық постқа тұрғызып қойған. Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес әр мұғалім үш күн сайын 12 сағаттан постта тұруға міндетті болған. Мұғалімдерге ешқандай санитарлық құралдар да ұсынылмапты. Осыған ұқсас факт Шығыс Қазақстанда да болды. Әр жағдай бойынша тиісті тәртіптік шаралар қабылданды. Біздің облыста да жоғарыдағыларға ұқсас деректер тіркелді. Бірақ біздің араласуымызбен алдын алу шаралары жүргізілді. Бірақ лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту фактісі болған жоқ» - деп мәлімдеді брифинг спикері Есболат Өмірзақ.