… Жеңіс күні қарсаңында маған көп жылдардан бері Жаңаөзенде мектеп директоры болып істеген абыройлы ұстаз Сарабике Мұқанқызы хабарласып, вацап арқылы соғыста хабар-ошарсыз кеткен осы бір боздақтың суретін жіберді. Апай, жиырма үш жасында соғыс жалмаған бұл жігіт әкесінің інісі Дәуіт Алагөзов екенін айтып, осы суретпен байланысты бір құпия сырдың шетін ашты...
Шамалауымша, бұл соғыс қарсаңында, осыдан 80 жылдай бұрын Шағадамда не Ашхабатта түсірілген суретке ұқсайды. Ескі фотосуреттің түпнұсқасынан бертінде көшірме жасалып, өңделіп, үлкейтілген. Осыншама уақыт көпшіліктің көзінен тасада сақталып, еш жерде жарияланбаған сурет қайдан табылды, кімнің сандығынан шықты? Қыршынынан қиылған жас қазақ жауынгерінің қасіретті тағдыры мен сүйіктісіне деген адал сезімін өле өлгенше сыр сандығында сақтаған әйел махаббаты туралы жариялау қажет пе? Көзі тірі ұрпақтары түсіністікпен қабылдар деген үмітпен ақыры шындықты жазуға бекіндім. Онымды қателік деп қабылдаушылар табылса, басымды иіп кешірім сұрауға да дайынмын.
…Осыдан он шақты жыл бұрын жетпіс жыл анасының сандығында сақталған осы ескі суретті оның үлкен қызы соғыс құрбанының Жаңаөзен қаласында тұратын туысы Балыш Мұқанұлының үйіне әкеліп тапсырыпты. Одан беріде өткен он жылда да бұл суреттің сыры ашылмай келген.
Алдымен, суретте сымбатты бейнесі сақталған кейіпкеріміз бен оның туыстары туралы білгенімді баяндайын. Руы табынай Дәуіт Алагөзұлы 1919 жылы Маңғыстауда дүниеге келген. Олардың отбасында Шекер, Мұқан, Зүбайра, Дәуіт есімді екі ұл, екі қыз болған екен. Балалардың үлкені Мұқан Алагөзов (1910 – 1985) заманында Қызылсуда Оразмағамбет ахуннан сауат ашып, білім алған зейінді шәкірттерінің бірі болған. Ол жайында бақилық болған шежіреші қарт қаламгер, марқұм Сұлтан Балхаевтың бұдан бұрын газеттерде және өзінің «Заманалар зарпынан» атты кітабында жариялаған жазбаларынан білетінбіз. Ел басына қасірет төнген өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында босқан елмен бірге Алагөздің отбасы да Түрікменстанның Маңғыстаумен шекаралас аймағы - Жаңғақтың ойына көшеді. Есімі күллі түркі әлеміне таныс тұлға, көне Күлтегін, Тонықұқ тас ескерткіштерін тұңғыш зерттеуші қазақ ғалымдарының бірі Ғұбайдолла Айдаровтың 1932 жылы Красноводск – Шағадам қаласында алғаш мектеп табалдырығын аттағанын, алғашқы ұстазы Мұқан Алагөзов болғанын өз аузынан естігенмін. Қазірде Түркменбашы аталатын сол қаладан Қазан төңкерісіне дейін алғаш керуен сарайлы үй салған қазақ, бай, болыс, руы сердалы Бекес Дәрментайұлы болған. Ол 1931 жылы ұсталғаннан кейін жекеменшік жайы қызыл өкіметтің иелігіне өтіп, мектеп ретінде пайдаланылған. Жергілікті халық аузында «Бекестің тамы» аталған сол үйде оқығанын да айтып еді ғалым кәкеміз. Мұқаң сол замандағы қазақтардың ішінен шыққан білімді азаматтардың бірі болған. Еңбек жолын 1928 жылы «Қарабұғазхимтресте» жұмысшы болып бастаған ол 1931 жылы Красноводскіде мұғалімдер курсын, кейін Ашхабатта комвузды тәмамдап, Красноводск қаласы мен сол аттас аудандағы мектептерде, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен шаруашылықтарда басшылық қызметтер атқарған белгілі адам. Бай мен молданың ұрпағы деп қудалау көрген талай әулеттің адамдарын құжаттандыру кезінде тегін өзгертіп жазып, қауіп-қатерден аман алып қалған азамат ретінде ел сыйлаған жақсының өзі. Оның ортаншы баласы, белгілі жыршы-термеші болған жаңаөзендік Мыңжас (Жалғас) Алагөзовті де маңғыстаулық өнерсүйер қауым жақсы біледі.
Ендігі әңгімені суреттегі кейіпкерімізге бұрайық.
Әке-шешеден ерте айрылған Дәуіт Алагөзұлы ағасы Мұқанның қамқорлығында өсіп жетіледі. Сол заманда қазақтар көптеп қоныстанған Шағадамда қазақ мектебінде оқып, кейін сол Красноводскідегі қазақ педтехникумында білім алған. Соғыс басталардан бір жыл бұрын аталмыш педучилище Мары қаласына көшірілген екен.
1940 жылы сол педучилищені үздік бітіріп келген талапты жас жігіт шаруашылық орталығы болған Қабилы ауылындағы жетіжылдық қазақ мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Кешегі көшпелі қазақтар жаппай сауаттануға бет бұрған кезең. Ел ерекше құрметтейтін мұғалім мамандығы бойынша еңбекке араласып, жаңа қоныста бірлікпен тірлік жасап жатқан қазақтардың балаларына білім беруге құлшына кіріскен Дәуіттің армандары да асқақ еді-ау!.. Кезінде оның шәкірті болған 94 жастағы Алтынай Қармысқызы бүгінде Басқұдық ауылында тұрады. Оның айтуынша, өздеріне тарих пәнінен екі жыл сабақ берген Дәуіт мұғалім мінезі ақжарқын, сөзіне әдемі әзілін қосып сөйлейтін сымбатты да сұлу жігіт болған екен.
Ол 1941 жылы көктемде көңілі қалаған көрікті қызға үйленіп, отау құрады. Жас жұбайлар махаббат оты мас қылған мамыражай күндерді бастан кешіп жатты. Әттең, өмірге ғашық екі жастың асыл армандарын аялаған сол бақытты шағын соғыс деген сұрапыл үзіп кетті! 1942 жылдың қаңтарында Дәуітті әскерге шақырды. Осылай, үйленгеніне жыл да толмаған, ұрпақ та сүйіп үлгермеген жас мұғалім майданға кететін болды. Бір мұрсатта болашағы бұлыңғыр тартып, армандары адыра қалған жігіттің санасында үміт пен күдіктің күресі күшейе түсті. Тәңіріне сыйынып, Шағадамнан соғысқа аттанды. Отан үшін, ел үшін деп қолына қару алған кешегі мұғалім мыңдаған тағдырластарымен бірге соғыстың түтеп тұрған тұсында майданға кіреді.
1942 жылдың қарашасы мен желтоқсанында Сталинградтың түбінде және Қалмақ даласында шешуші қырғын шайқастар жүріп жатты. Кеңес армиясы солдаттарына басқасын айтпағанның өзінде кәдімгі карабин мылтық жетіспей жатқан ауыр кезең еді. Аса көп адам шығынына қарамастан қайткенде де жауды тоқтату үшін кеңес әскерлеріне бір қадам да кейін шегінбей соғысуға бұйрық берілді. Талай жан алысып, жан беріскен шайқастардан аман қалған Дәуіт ажал оғы өзін алып жығып, өмірі таусылар сәттің тез келерін сезбеген де шығар. Желтоқсан айының ішінде болған кезекті бір қырғын ұрыста сержант Дәуіт Алагөзов лаулаған тажал отына жұтылып, із-түзсіз жоғалып кетті. Білетіндердің айтуынша, сол тұста майданға кірген маңғыстаулықтардың елге аман оралған бірлі-жарымы болмаса, түгелдей қалмақ даласында қаза тапқан. Есіл ерлерге ең болмаса сүйегін тауып жерлеп, басына белгі қою бақыты да бұйырмады. Қара шыбындай қырылған сарбаздардың санатында Дәуіттің де тірлік дәурені аяқталды!
Алыстағы ауылда қалғандарға таудай қайғы-қасіретін ала келген «қара қағаз» ащы зарды төктірді-ау!.. Қазағы болашағынан үлкен үміт күткен бір ұлынан, отбасындағылар бірі бауырынан, бірі сүйген жарынан айрылып, аңырап қалды! Сонда да, «хабар-ошарсыз жоғалды» деген бір жапырақ қағаздағы жазуға сенгісі келмей, аяулы азаматын өлімге қиғысы келмей аласұрған қайғылы жүректердің үміті біржола өшкен жоқ еді. Әсіресе, жас келіншегі жанын жегідей жеген қаралы хабарды қабылдай алмай, бір қателікке балады. Үміт отын үрлеген талай түндерді түгесіп, санадағы арпалыспен талай айларды аяқтады, жылдарды жоғалтты…
Соғыс аяқталады. Үміті әлі үзілмеген, маңдайына жазылған жесірлікті мойындағысы келмеген келіншек ерімнің бір жақсы хабары болар, қасіреттің түнегін жарып бір күні жарқырап өзі келіп қалар деп босағасын күзетіп отыра береді. Осы шаңыраққа бір баласындай әбден сіңісіп, үйренісіп кеткендіктен шығар, табиғатынан ашық-жарқын мінезді келіні үйдегілермен де, қайнағасымен де еш бүкпесіз сөйлесіп, әзілдесіп отырады екен.
Атаның да, әкенің де орнын басқан қайнағасы Мұқан жалғыз інісін жаманатқа қанша жерден қимаса да, қызындай болып кеткен келініне қаншалықты ауыр тиерін білсе де ақыры бауырын аман көруден күдерін үзіп, амалсыздан келініне рұқсатын береді. Бірақ, ботадай боздаған ол босағадан аттап шықпай, осы үйдің қызындай болып жүре берді… Жығылғанға тағы жұдырық болып, сол аралықта соғыстан ауыр жаралы болып оралған әкесі қызының үйінде жатып қайтыс болады. Құдасы ақырғы сапарына аттандырады. Әйел адамға кісі жерлеу рәсіміне қатысуға рұқсат берілмейтінін білсе де, келіні әкесін жерлеп, топырақ салуға қатысуды қайнағасынан жылап отырып сұрады. Қайғыға батқан қаралы жанның көңілін қимаған қайнағасы амалсыздан келініне ер адамның киімін кигізіп, әкесінің жаназасы мен жерлеуіне қатысуына ықтияр береді…
Арада аттай сегіз жыл өткенде жастай жесір қалған келінін Мұқаң өзі танитын елдің бір азаматына, Шағадамда қызмет бабында жақын араласып жүрген жолдасының інісіне батасын беріп қызындай қылып ұзатады. Солай, тағдырдың жазуымен екінші рет тұрмысқа шыққан апамыз азаматымен дәм-тұзы жарасып өмір сүреді, он баланы дүниеге әкеліп, Алланың берген азды-көпті бақытын көреді. Жасы алпысқа таянғанда Жаңаөзен қаласында дүниеден өтеді. Алайда, алғашқы махаббатына деген адалдығының белгісі ретінде Дәуітінің жансыз бейнесін өлгенше сандығында сақтап келіпті. Міне, бізге сыры мәлім болған бір суреттің тарихы.
…Тұңғиық жанарына сыр бүккен Дәуіттің үлкейтілген суреті қазір қарашаңырақта - Балыштың үйінің төрінде ілулі тұр.
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ