Сол 2013 жыл мен үшін ауыр жыл болды. Маусым айының 9-да бір кештің арасында кенеттен әкем қайтыс болды. Дүниенің жалғандығын сонда жаныммен сезініп, іштей қатты күйзелдім...
Қайғымызға ортақтасып көңіл айтып келген көп адамның арасында ерекше сыйлайтын әріптес ағам Талғат Атшыбаев та болды. Кейін ойлап отырсам, ол өзінің де арып, ауруы жанына батыңқырап жүрген кезі екен ғой. Тамыз айында өзінің бастамасымен, тілеулестерінің қолдауымен туған жерінде «Шайыр шаттығы» атты шығармашылық кешін өткізіп, көптеген маңғыстаулық өнер адамдарының басын қосыпты. Шын мәнінде сол әсерлі кеш оның туған жерімен, елімен қоштасуы болған сияқты. Сахнада өзін сергек ұстаған Тәкеңнің кешкі қонақасыда ауырсынып, тамаққа да тәбеті болмағанын Тәкең (Талант) еске алып еді.
Сол жылы желтоқсанда Маңғыстаудың маңмаңгері десе жарасатын Талғат дүниеден өтті. Жаназа намазын шығарғанда күн суық болғаны есімде қалыпты. Жерде қар жатты. Аталары жерленген Шерқаланың түбіндегі қауымға алып кетті. Ақырғы сапарында жол жүрудің өзі қауіпті болып, денесін салған көліктің бірнеше жерде аударылып қала жаздағанын артынан Сәкең (Серік Еңсегенов) айтып еді...
Тізімі тым қысқа болса да артына өзіндік саз сарыны бөлек, барша қазақтың көңіліне жағып, көкейіне қонған «Сағыныш», «Шалқымалы» сынды өлмес әндерін қалдырып кеткен Тәкеңнің тірісінде қадірін білдік пе, білмедік пе?..
Ерекше мейірімді Алла тағала бес күн тірлікте біліп-білмей жасаған күнәларыңды кешіріп, өз панасына алғай, қайран Тәке!..
Бүгін ФБ-да жоқтаушы жанашыр досы Ерекен ағамыз марқұмды еске алып, жақсы арнау өлеңін жариялапты (төменде беріліп отыр).
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ
***
Cен кеткелі...
Өмір көшкен керуен көш секілді,
Қалғаны мен ергені көп секілді.
Сен кеткелі сөз қылып елең етер,
Өзгерістер бәлендей жоқ секілді.
Баяғыдай жандығын ел ептейді,
Баяғыша інілер «төрлет!» дейді.
Ылғалына сараңдау ақ жаңбырдың,
Қайда қалай әлінше жер көктейді.
Тұрағынан кеткенмен жылысып аң,
Елің жосып көшкен жоқ Ұлысынан.
Жер жаңылмай айналып тұғырынан,
Күн шығып тұр баяғы шығысынан.
Түсер еске сөз қылсақ қайдағылар,
Куә болар қай жанның айғағы бар?
Біреулердің жұлдызы жоғарылап,
Патшалардың тағынан тайғаны бар
Жасы келіп ағаның кеткені бар,
Енді бірдің мезгілсіз өткені бар.
Өзім деген іні мен қарындастың,
Дегеніне жетпеген жеткені бар.
Тілін тауып жақсымен тілдесе алған,
Болмағанды біреудің жүлдесі арман.
Хабар берсе қара жер айтатыным,
Бауыр бүтін, еліңнің іргесі аман!
Ерекен ҚОРАБАЕВ
Суреттер Т.Құсайынның архивінен алынды