Облыс әкімі Серікбай Трұмов бүгін қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте карантин шаралары жөнінде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Баршаңызға мәлім, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен мемлекеттік комиссияның отырысында төтенше жағдай режимінің тоқтатылғандығы жөнінде хабарланды.
Алайда, ел аумағында төтенше жағдай режимі аяқталғанымен ахуалға байланысты Маңғыстау облысында карантин режимі мен шектеу шаралары жалғасуда. Сонымен бірге, өңірдегі аудан, қалалардағы эпидемологиялық жағдайға байланысты карантиндік шараларды кезең-кезеңімен жеңілдету жұмыстары жүргізіліп келеді. Кешеден бастап бірқатар нысандардың жұмысына рұқсат берілді.
Бұл жеңілдету шаралары індеттің жойылғандығын білдірмейді. Халықтың, тұрғындардың денсаулығына әлі де қауіп бар. Сондықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн. Өздеріңіздің, жақындарыңыздың денсаулығы ең алдымен, өзіңізге байланысты және оны барлығы жауапкершілікпен сезінуі керек.
Бірақ, енгізілген шектеу шараларына салғырттық танытып, санитарлық талаптарды орындамай, салғырттық танытып жүрген азаматтар да бар. Бұндай азаматтарға тиісті әкімшілік шара алынуы тиіс. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу ауданында карантин режимі толығымен алынған жоқ. Қазіргі таңда, бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысына рұқсат беріліп, кейбір шектеулерге өзгерістер енгізілгенімен, індетке қарсы шаралар қатаң сақталуы міндетті, - деді Серікбай Өтелгенұлы.