Құрметті оқушылар, ұстаздар және жерлестер!
Сіздерді оқу жылының аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы оқу жылы өздеріңізге белгілі өзіндік ерекшелігімен аяқталды. Студенттеріміз бен оқушыларымыз қашықтан оқу жүйесін тәжірибеде сынады.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, өскелең ұрпаққа саналы, бәсекеге қабілетті озық білім беру - бүгінгі күннің басты талабы.
Дүние жүзінде қауіпті індеттің өршуіне орай елімізде орын алған күрделі жағдайға қарамастан оқу үрдісі үздіксіз жалғасты. Бұл әрине, күрделі кезеңді еңсеруге бойдағы бар білім-білігі мен күш-жігерін сарп еткен тәлімгерлердің табанды әрі жанқияр еңбегінің жемісі. Осы орайда, ұлағат-өнегесі зор ұстаздар қауымына ерекше алғысымды білдіремін!
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында ең маңызды міндеттердің бірі адами капитал сапасын жақсарту қажеттігі айтылған. Елімізде білімнің маңыздылығы жоғары бағаланып, оған барынша жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Қашықтан оқыту үрдісін ұтымды ұйымдастыру, ақпарат алмасу ағынын оңтайландыру, ғаламтор желісінің жеделдігін жолға қою бағытында біздің облыс көлемінде де ауқымды жұмыстар атқарылды. Бюджет қорынан тиісті қаражат көлемі игі істердің нәтижелі іске асуына бағытталды.
Енді, алда жас түлектерімізді үлкен сын күтіп тұр. Биыл бітіретін 6305 түлектің 85% ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Жастарымызға сынақтан сүрінбей өтіп мемлекеттік грантқа ие болып қалаған мамандықтарының иесі болуларына тілектеспін!
Түлектеріміздің 206-сы «Алтын белгімен», 326-сы «Үздік аттестатпен» бітірді. Соңғы үш жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлері 34% , үздік аттестатпен бітіргендер 38% артты. Бұл үлкен жетістік. Біз Сіздерден үлкен үміт күтеміз!
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау.
Сондықтан сапалы білім беру үшін мүмкіндіктердің барлығын жасаудамыз.
Құрметті түлектер, арман-мақсаттарыңыз орындалып, жақсы білім алып, Қазақстанның дамуына, өркендеуіне өз үлестеріңізді қосуларыңызға тілектеспін!
Ізгі ниетпен,
Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов