Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов мәлімдеді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2020 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көзінен 349 мың ш.м. тұрғын үй қолданысқа берілген. Салынып жатқан тұрғын үйлердің негізгі бөлігін осы жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңында 1 млн 200 мың ш.м. тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 22,4 млрд. теңгені құрады.
Бағдарламаның орындалуына 2020 жылы республикалық бюджеттен 10,1 млрд теңге бөлінді. Биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспарланған 679,6 млн. теңге толықтай игерілді.
Жалпы бұл бағдарлама бойынша іске асырылып жатқан жобаларда 925 уақытша және 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Соның ішінде, жалдамалы тұрғын үйлер құрылысына және сатып алуға 2,9 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы 29,5 мың ш.м. құрайтын 504 пәтерге арналған тұрғын үйлер құрылысына және 67 пәтер сатып алуға жұмсалады. Жыл соңында 19,5 мың ш.м. құрайтын 352 пәтерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталады және 4,0 мың ш.м. құрайтын 67 пәтер сатып алынбақ. Айта кетейік, пайдалануға берілетін 419 пәтердің 215 пәтері көпбалалы отбасыларға беріледі.