Маңғыстау облысының аумағында карантин және шектеу шараларының енгізілуіне байланысты 2020 жылғы 3 сәуірінен бастап мектепке дейінгі балалар мекемелерінің де қызметі уақытша тоқтатылды. Ал балабақша үшін қашықтықтан оқыту қарастырылмаған. Бұл, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мекемелерге қиын тиетіні жасырын емес. Мамандар бұл балалармен үнемі байланыста болуы керек. Олай болса, арнайы балабақшалар төтенше жағдай кезінде қандай жұмыс жүргізуде? Назардан тыс қалмауы тиіс балалармен қарым-қатынас қалай? Осы тақілеттес сауалдарды Ақтау қаласындағы «Есту қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген және сөйлеу тілінде ауыр бұзылыстары бар балаларға арналған № 4 арнайы балабақша» директоры Альбина Кенжегараеваға қойған едік.
- Біздің педагогтарымыз ата-аналармен тек what's up арқылы байланысып, балаларды үйде тәрбиелеу және оқыту бойынша кеңес беріп, көмектерін көрсетіп отыр,-дейдіАльбина Болатбайқызы.
- Отбасында мүмкіндігі шектеулі баланың пайда болуы оның бүкіл өмірін өзгертіп, психологиялық жағдайына әсер ететіні белгілі. Баланың қазіргі жағдайға байланысты үйде болуы ата-ана үшін қиындық туғызатыны да мәлім. Ата-ана көп ойланып, күйзеліске түсуі мүмкім. Өкінішке орай, қазіргі ата-аналар уақытының көп бөлігін қалыпты өмір сүру деңгейін сақтауға жұмсайды да, баланың дамуы мен тәрбиесіне аз көңіл бөлетінін жасыра алмаймыз. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігінің педагогикалық білімі жоқ және тәрбиелеу мен оқытудың әдістері мен тәсілдерін меңгермеген.
- Ата-аналардың педагогикадан хабары болғаны дұрыс дейсіз ғой?
- Әлбетте. Ата-ананың белгілі бір білім деңгейі болған жағдайда ғана балаға отбасы тарапынан сауатты және тиімді көмек болады. Ақауды түсіну, балаға дұрыс қарау және онымен сабақ құру керек. Сондықтан ата-аналар тәрбие жөнінде әдістемелік ұсынымдар бере алатын, мүмкіндігі шектеулі балалармен ойындар мен сабақтарды ұйымдастыра білетін мамандармен өзара қарым-қатынас жасауы қажет. Ата-аналар ықпал етудің тәрбиелік және түзету-оқыту шараларының мәнін бағалай білгені дұрыс.
- Қазір ата-аналармен жұмыс қалай жүріп жатқанын айтсаңыз.
- Балаларды үйде оқыту және тәрбиелеу бойынша ұсыныстарды орындауға біздің педагогтарымыз ата-аналармен алдын ала әңгіме өткізеді, бүгінгі жағдайда өздерін қалай сезінеді, қандай қиындықтарға тап болып жатқанын біледі. Содан кейін ата-аналардың психологиялық күйі бойынша мынадай бөлімдерде жұмыс жүргізіледі:
1. Отбасы — бала өмірінің орталығы.
2. Отбасы өз қолында баланың көңіл-күйі мен дамуының маңызды тұтқаларын ұстап отыр.
3. Педагог — кәсіби кеңесшілер, көмекшілер және тәрбие мен білім беру ісіндегі ата-аналардың сенімді тұлғалары.
Балабақша психологы ата-аналарға рухани тепе-теңдікті сақтау, баланың проблемаларын жақсы түсіну, оған белсенді көмекші болу сияқты жайттарды түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар баланың үйде болу қауіпсіздігі мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Яғни, терезелердің ашық қалуы, терезелерде торлардың болмауы, өткір заттар, химиялық заттар сияқтылардан сақтану қажеттілігі ескертіледі.
- Үй жағдайында балаларға арнайы мамандар көмегі қарастырылған ба?
- Иә. Ата-аналар өз балаларымен жұмыс істеуге психологиялық тұрғыдан көңіл бөлгеннен кейін біздің дефектолог, логопедтер, тәрбиешілер оларға үйде балалармен сабақ өткізу үшін арнайы әзірленген слайдтар, бейнетаспаларын ұсынады. Сонымен қатар ойыншықтарды, үй тұрмысындағы заттарды, тамақ өнімдерін пайдалану арқылы ойындар мен ойын жаттығулары ұсынылады. Балаларға ойын түрінде бейне қоңырау арқылы педагогтармен әңгімелесу қатты ұнайды. Олар өткен материалды қайталайды, лексикалық тақырыптарды пысықтайды, қойылған дыбыстарды бекітеді. Барлық ойын жаттығулары оқу жоспарына және тәрбиеленушілеріміздің психо-физикалық ерекшеліктеріне сәйкес ұсынылатынын атап өткім келеді. Мұндай жұмыс баланы оқшаулау жағдайында тәрбиелеу мен оқытудың ортақ міндеттері мен мәселелерін шешуде ата-аналар мен педагогтарды біріктіреді және жақындастырады деп есептеймін. Бұл өзара байланыс пен өзара түсіністік біздің балаларымыздың игілігі үшін жемісін бермек. Болашақта біздің балалар толықтай ең үлгілі оқу мекемелерінің есігін ашып, өз елінің толықтай азаматы боларына сенемін. Тек бірлескен кезде ғана біз уақытша қиындықтардан өте аламыз. Ұжым атынан барлық ата-аналар мен балаларға мықты денсаулық және шыдамдылық тілеймін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА