Барша мұсылман қауымы асыға да сағына күтетін рамазан айы да келіп жетті. Әлем елдеріндегі жұқпалы індет біздің елімізді де айналып өтпей, төтенше жағдайға көштік. Көк күмбезді мешіттердің есіктері жабылып, жамағаттарауих намазын өз үйлерінде оқып, өз шаңырақтарында ауызашар дастарханынан дәм татады. Бұл қастерлі айдағы ең сауапты іс-мұқтаждарға азық-түлікпен, науқастарға дәрі-дәрмекпен көмек беру болмақ. Өйткені, рамазан – мейірімділік пен кешірім, бірлік пен ізгілік айы. Қасиетті Құранда бұл айда жасалған амалдар мен берілген садақаның сауабы еселене түседі екен. Сондықтан бір-бірімізге мейлінше жақын болып, жақын-жуық пен жоқ-жітікке қамқорлық жасауға асыққан жөн.
Рамазан - қайырымды жандар үшін мол сауапқа кенелетін кез. Бірде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» - деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде»,- деген екен.
Ораза - тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Бұл - жан мен тәнді тазартатын кез. Аузын бекіткендер кей пенделердің орынсыз іс-әрекетін көрсе, «Мен оразамын» деген бір ауыз сөзбен сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый - жәннат. Ізгі амал жасағандар Алланың рақымына бөленетін рамазанда пітір садақа мен зекет беру барша мұсылманға парыз. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының шешімімен, биыл пітір садақасы 370 теңге, ал, бір күндік оразаның підиясы 1 700 теңге болып бекітілді. Пітір- ораза ұстап, ниет еткен жандардың біліп-білмей жасаған күнәлары үшін беретін садақасы. Ақтау қаласындағы Бекет ата мешітінде төтенше жағдайда өтіп жатқан ораза кезінде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, тізімдегі мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылуда. Мешітте намаз оқылмаса да, жамағатпен онлайн байланыс орнатылып, қадірлі айдың қадір-қасиеті, жалпы асыл дініміздегі сауап мен парыз, имандылық мен мейірімділік қағидаттары айтылуда. Ел басына түскен сынақты сабырлықпен көтеріп, карантин ережелеріне бағынып, сын сағаттарда ауызбіршілік пен шыдамдылықты сақтап, жалған мәліметтерге ермей, қиындықтан бірге өтудің маңыздылығын имамдар онлайн уағыздарда барынша түсіндірілуде.
Алла тағала ұстаған оразамызды қабыл етіп, халқымызды індеттен құтқарып, жарқын күндер мен берекелі өмірді нәсіп еткей! Ниет қабыл болғай!
Қайрат Маманбаев,
Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы