Коронавирус індетіне қарсы күресте дәрігерлердің еңбегі зор. Дәл қазір олар отбасы жылулығынан жырақта. Аурухана ішінде дертке шалдыққандарға дауа іздеп, адам баласының амандығы үшін тынбай қызмет етіп жүр. Рас. Олардың мамандығы ешқандай сылтау мен салғырттықты қабылдамайды. Сондықтан ақ халатты абзал жандар таңдауына адалдық танытып, қарсы келген індетті жеңу жолында аянбай еңбек етуде. Соның бірі – шетпелік дәрігер Орынгүл Мұқанова.
Ол ішкі сезімі мен отбасына деген сағынышын ақ қағазға түсіріп, желі арқылы көпшілікке жеткізді. Олай болса, құрметті оқырман, дәрігер Орынгүлдің жазбасын сіздерге ұсынып отырмыз. Жазба Маңғыстау облыстық ақпараттық арнасында жарияланды.
Мен - Орынгүл Мұқанова, Маңғыстау аудандық орталық ауруханасында директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарамын. Медицина саласында 16 жылдық тәжірибем бар. Сол жылдар арасында терапия бөлімінде ординатор, бірнеше жыл учаскелік терапевт, психиатр, емхана бөлім меңгерушісі, қазір емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіндемін. Жұмыс барысында қауіпті індетпен кездесіп, оған қарсы медициналық қызмет көрсетемін деген ой мүлдем болмаған еді. Қаншама күн ұйқысыз жүрсек те үйімізге, балаларымыздың жанына барып демалатын едік.
2020 жыл басталғалы атышулы індетті теледидардан естіп, әлеуметтік желілерден көре бастадым. Бұл індеттің Қазақстанға келмейтініне сенімді болған едім. «Қытай қайда, біз қайда», - деп мән бермеген болатынмын. Себебі талай шошқа тұмауы секілді ауруларды естіп жүрміз, бірақ тап сол аурулар Қазақстанға келіп, осыншама адам ауырды дегенді естімедім. Індет енді Қазақстанға жетті. Десе де 362 әулие ата жатқан киелі өлке Маңғыстауға келмейді деп ойладым.
Жоқ. Жоқ... Олай ойлауым мүлде қате екен... Әлемді жайлаған ауру Маңғыстауға келді дегеннен бастап мазам кетті. Өзі азғантай ғана халқы бар өлке. Бұл індет мына тұрған Шетпеге келеді деп те ойламаған едім. Бірақ келмесе де медициналық дайындығымызды күшейттік. Содан 9.04.2020 күні 10.04.2020 жыл күнге ауған түн бастығым хабарласып, осы індетті жұқтырған екі адамның шыққанын айтқанда жүрегім қатты соғып, аяқ-қолым дірілдеп уайымға салындым.
«Үйде отыр» десе отыратын, қандай жағдай басыма түссе де көнетін адаммын жалпы. Екі кішкене балам бар. Тұңғышым – ер бала, 4 – сынып оқиды. Ал екінші қызым 1 – сынып оқиды. Екеуіне қарап, беттерінен сүйіп түнгі сағат 01:15-те үйден жұмысқа шығып кеттім. Міне, сол күннен бері жұмыстамын. Балаларым «Мама үйге неге келмейсің, бізді әженің үйінен неге алып кетпейсің?», - деп күнде сұрайды. Әрине өзім үшін емес, балалар үшін ғана қиналамын, олардың сабақтарын қадағалау, т.б... Өзімдей болмайды ғой.
Сондай-ақ әріптестерім Жанайдар, Ерболат, Ербол, Жанібек, Берікқали, Сағитжан және бірнеше мейірбикелер мен кіші қызметкерлер де осы індетпен күресте алдыңғы шепте жүр. Отбасынан алшақ жүр. Әрине, адам баласы болған соң уайымдаймыз, сағынамыз. Бірақ біз таңдаған мамандық ешқандай сылтауды қабылдамайды. Біз осы мамандықты мойынсұнып, елге қызмет етеміз деп ант бергеннен соң міндетімізді орындау – парызымыз. Әріптестеріме рахмет айтамын. Шыдамдылық, сабырлылық танытқанына. Біз біргеміз!!!!
Біз сіздер үшін жұмыстамыз. Ал сіздер мамандардың айтқанына құлақ асып, кез-келген алып-қашпа әңгімеге мән бермей, үйде балаларыңызбен бірге болыңыздар!!! Әрбір сәттің қадірін білейік, ағайын!!!
Қазіргі таңда біз үйде болуды аңсап отырмыз!!!
Барлығымыз бірге жұмылып қана осы жаман індетті жеңеміз!!!
Науқастар тезірек жазылып кетсінші деп тілейік, саны көбеймесін деп тілейік. Ол үшін карантин ережелеріне бағынайық, саналы түрде өз-өзімізді алдамайық, ағайын. Бәрі жақсы болады. Әлі талай жақсы күндерде жолығайық!!!