Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен бастау алған "Жүрек жылуы" қайырымдылық акциясы жалғасын тауып жатыр. Ізгі шара аясында бірқатар қайырымдылық істері атқарылып жатыр. Бұл туралы Атамекен ауылдық "Ар-рахман" мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
⁃ Мұқтаждар мен көмекке зәру жандарға қол ұшын созған жерлес кәсіпкердің демеушілігімен "Ар-рахман" мешітінің тізімінде тұрған 200 отбасына ұн таратылды. Қазіргідей қиын күндерде иненің сынығындай мейірімділік те адамның жүрегін жылытары анық. Сүйікті пайғамбарымыз да қайырымдылық жасаудың дініміздегі сансыз сауабын айтып өткен екен,-дейді Атамекен ауылдық "Ар-рахман" мешітінің бас имамы Зиядолла Еміл.
Қостанай облысынан арнайы алдырылған жоғары сапалы ұн Мұнайлы ауданындағы Атамекен елді мекенінің тұрғындарына үйді-үйге жеткізілді. Бас имамның айтуынша, мешіт тізімінде тұрған аз қамтылған отбасылардың саны аз емес. Ал көмекке зәру жандарға материалдық қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.