Әдетте сәуір айында жауын-шашынның көп болатыны бар. «Қазгидромед» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының биылғы сәуір айына жасаған болжамына сенсек, облыс аумағында 20 сәуірге дейін жауын шашын мөлшері нормадан артық түсуі ықтимал.
Жауын-шашынның көптігінен жер отты, мал қоңды болғанымен, одан сақтанбаса, келер қауіп те жоқ емес. Осы орайда облыстың төтенше жағдайлар департаменті сақтық шараларын жасауды ескертіп отыр.
Маңғыстау облысының аумағында географиялық орналасуына сәйкес өзен, көлдердің жоқтығынан су басу жағдайлары және көктемгі мезгілде қардың қорлары сақталмағандықтан су тасқыны болмайтыны белгілі. Алайда нөсер жауын салдарынан көшелер мен үйлердің аулаларында жаңбыр сулары жиналып, қиындық туғызып жатады.
Сондықтан Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің мамандары нөсер жаңбыр салдарынан туындайтын жағдайлардың алдын алу мақсатында үйлердің аулалары мен көше бойындағы жасанды арықтарды қоқыстармен толтырмай, ұдайы тазалап отыру қажеттігін айтады. Ал жасанды арық жүйелері қоқыспен толтырылған жағдайда Қазақтан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы негізінде полиция қызметкерлері тарапынан жауапкершілікке тартатылады. Олай болса, өз денсаулығымыз бен қоршаған орта тазалығын сақтау әр тұрғынның қолынан келер шаруа екенін естен шығармасақ болғаны.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА