Елімізде төтенше жағдай жарияланған бері өңірімізде аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарды қолдау шаралары қарқынды қолға алынуда. Кеше облыстық орталық және Ақтау қалалық Бекет ата мешіттерінің және ҚМДБ-ның "Зекет корпоратив қоры" Маңғыстау өкілдігінің ұйымдастыруымен "Жүрек жылуы" қайырымдылық шарасы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
- Бұл ізгі іс - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен еліміздің барлық аймақтарында өткізілуде. Маңғыстаулық кәсіпкерлер де біздің өтінішімізге құлақ асып, мұқтаж жандарға жүрек жылуын аямай, көмек беріп отыр. Шара аясында 100 аз қамтылған отбасына азық-түлік таратылды, - дейді Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов.
Күнделікті қолдануға қажетті май, шекер, ұн, күріш, шәй, картоп және макарон өнімдері салынған қораптар "Жүрек жылуы" ұранымен Ақтау қаласында тұратын отбасыларға жөнелтілді.
Әнуар Ізімбайұлының айтуынша, мұндай ізгі шаралар осымен тоқтамақ емес, алдағы уақытта жалғасын тауып, мешіт тізімінде тұрған көмекке зәру жандарға қолдау көрсетіле береді.