Қазақстанда жол шебері, инженер-сметашы, зертханашы, жол құрылысы инженері, автогрейдер жүргізушісі, механизатор мамандары тапшы, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта жол саласына орта есеппен үш мыңға жуық маман қажет екен. Елімізді отызға тарта университет пен 50-ге тарта арнаулы орта оқу орны жол саласы бойынша мамандарды даярлайды.
«Олардың қатарында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсиететі де бар. Яғни, жергілікті жастар алысқа бармай-ақ өзі қалаған мамандық түрін оқи алады. Бұл салаға жыл сайын бөлінетін грант саны да қомақты. Мәселен, 2019-2020 оқу жылына 9750 грант бөлінді. Биылғы оқудың аяқталына аз уақыт қалды. Түлектердің дұрыс таңдау жасап, біздің қатарымызды толықтыратынына сенеміз» - дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облыстық филиалының директоры Елтай Таялиев.
Биыл елімізде автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына қазынадан 750 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл ретте кәсіби білікті мамандарға сұраныс та жоғары деген сөз.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры З.Сағыновтың бастамасымен биыл елімізде «1000 мектеп» науқаны басталды. Мұндағы мақсат - мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізіп, оларды жол мамандығына тарту.
«Маңғыстау облысында 154 мектеп болатын болса, бір айдың ішінде біздің ұжым қызметкерлері 26 орта білім беру ордасына арнайы барып, 9-11 сынып оқушыларымен кездесті. Бұл жерде Ақтау қаласынан бөлек, орталыққа жақын тұрған Мұнайлы және Түпқараған аудандары да қамтылды. Танымдық кездесулерде облыс көлемінде салынып жатқан көлік жолдарының сапасын бақылау шаралары айтылып, жол құрылысы мамандықтары турасында жан-жақты түсінік берілді» - дейді Е.Таялиев.
Биылғы жылдан бастап кемінде 2-3 мектеп бітіруші жол саласы мамандығын таңдайтын болса, таяу он жылдықта осы бағыттағы маман тапшылығы мәселесі түбегейлі жойылатыны сөзсіз.